Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде бір мезгілде бес жұп егіз сарбаз қызмет етеді. Олардың сырт келбеттері ұқсас болғанымен, әрқайсысының мінезі, қызығушылығы мен өмірлік мақсаты әртүрлі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Еліміздің әр түкпірінен әскерге шақырылған он сарбаз бүгінде бір әскери бөлімде қызмет етіп жүр. Бірі спортқа жақын болса, енді бірі өнерге әуес. Оларды туыстық байланыстан бөлек, Отан алдындағы ортақ міндет те жақындастырады.
Ақтөбелік Аман мен Есен Байдуллаевтардың жасы 19-да. Екеуінің арасы небәрі тоғыз минут. Әскери ортаға тез бейімделген бауырлар қызмет барысында өздерін жақсы қырынан таныта білді. Дәлірек айтсақ, жауынгерлік қызмет кезінде есірткі заттарын тасымалдаған азаматты ұстау операциясына қатысқан.
Қызылордадан шақырылған Нұртөре мен Жантөре Нұрылданың жасы 20-да. Отбасындағы кенже ұлдар білім жолында екі түрлі мамандықты таңдаған. Нұртөре дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерсе, Жантөре фельдшер дипломын алған. Қазір екеуі де әскери міндетін бір бөлімде атқарып жүр.
Бес жұптың арасында Аман мен Есен есімді тағы бір егіз бар. Түркістан облысынан шақырылған Сапаралылардың өнерге деген ықыласы ерекше. Олар халық әндері мен термелерді орындағанды ұнатады. Бұл өнерге деген сүйіспеншілік әкелерінен дарыған. Айта кетерлігі, ұландықтардың әкесінің де егіз інілері бар. Аман мен Есен 18 жасқа толған күннің ертеңінде-ақ әскерге аттанып, азаматтық борышын өтеуге бел буған.
Тараздық Нұрасыл мен Ерасыл Иашовтар мектепті тәмамдаған соң көп ұзамай Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен. Қазір екеуі де 19 жаста. Қызмет барысында олар полиция қызметкерлерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарына қатысады. Қоғамдық тәртіпті сақтауға да өз үлестерін қосып жүр. Бұған қоса бауырлар «Сарбаз 2.0» білім беру бағдарламасына қатысуға өтініш беріп үлгерген. Бұл жоба мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген жастарға тегін білім алуға жол ашады.
Кентаулық Алмас пен Олжас Әбдуәлиевтер де 19 жаста. Әскерге дейін олар Шымкенттегі «Мирас» университетінде «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» мамандығы бойынша білім алған. Алдағы уақытта ұстаздық жолды жалғастырып, мектеп оқушыларына әскери істің қыр-сырын үйретуді көздейді. Бір қызығы, Алмас пен Олжастың отбасында тағы бір жұп егіз бар.
Бір әскери бөлімде қатар қызмет ету он сарбаз үшін ерекше тәжірибеге айналды. Олар әскери өмірдің қиындықтары мен қызықтарын бірге өткеріп, бір-біріне сүйеніш болып жүр. Әрқайсысы өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуда. Ал әскери орта олардың өз бетінше шыңдалып, болашаққа нық қадам жасауына мүмкіндік беріп отыр.
Айта кетейік, жыл басынан бері Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіп сақтау бойынша 2,3 мыңнан астам тапсырманы орындады. Патрульдік-бекеттік қызмет барысында 13 мыңнан астам құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілді. Олардың 300-і қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды.
Бұл бағыттағы қызметке Ұлттық ұланның он мыңға жуық әскери қызметшісі жұмылдырылған. Күн сайын еліміздің 21 қаласында 7 мыңнан астам ұландық қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүр. Сонымен қатар 2 мыңнан астам әскери қызметші мемлекеттік маңызы бар нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігін күзетуде.