Миллиардерлердің салығын өсіру керек – Билл Гейтс маңызды ескерту айтты

Бүгін, 19:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: KENT NISHIMURA / AFP VIA GETTY IMAGES

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс жасанды интеллект дамыған сайын байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық ұлғаюы мүмкін екенін ескертті. Оның пікірінше, мұндай теңсіздікті азайту үшін мемлекеттер миллиардерлерге салынатын салықты көбейтуі керек. Бұл туралы Fortune басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Гейтс Financial Times басылымына берген сұхбатында жасанды интеллектінің дамуы әлем экономикасына орасан зор пайда әкелетінін, алайда бұл табыстың басым бөлігі технологиялық компаниялардың иелері мен инвесторларына тиесілі болуы мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, бай адамдардың қайырымдылыққа қаржы бөлуі қоғамдағы экономикалық теңсіздікті шешуге жеткіліксіз. Бұл міндетті ең алдымен мемлекеттер өз мойнына алуы керек.

«Теңсіздікпен күресудің негізгі жауапкершілігі әрқашан үкіметтің мойнында болады. Біз ерікті түрде жасалатын қайырымдылықты әлеуметтік қорғау жүйесінің орнына қоя алмаймыз», – деді Гейтс.

Кәсіпкердің пікірінше, жасанды интеллект еңбек нарығын өзгертіп, көптеген мамандықты автоматтандырған сайын салық жүйесін де қайта қарау қажет болады. Атап айтқанда, аса ірі байлығы бар адамдарға салық салудың тиімді тетіктерін енгізу маңызды.

Гейтс мұндай өзгерістерден кейін де миллиардерлердің қайырымдылықпен айналысуға мүмкіндігі болатынын атап өтті. Алайда олардың көмегі мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды алмастырмай, толықтыруы тиіс.

Билл Гейтстің өзі 2025 жылы байлығының басым бөлігін, шамамен 100 миллиард долларды Gates Foundation қайырымдылық қорына беретінін мәлімдеген. Бұл қаражат 2045 жылға дейін денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес бағыттарына жұмсалмақ.

Сонымен қатар Гейтс жасанды интеллект пен роботтарды пайдалануға да арнайы салық енгізу идеясын қолдайды.

Оның түсіндіруінше, компания адамды жұмысқа қабылдағанда оның жалақысына байланысты салықтар төлейді. Ал сол қызметкерді роботпен алмастырса, жабдықты сатып алу шығынын салық есебінде шегере алады. Кәсіпкер мұндай жүйе компанияларды адам еңбегінен бас тартып, автоматтандыруға көшуге ынталандырады деп есептейді.

Гейтс роботтар мен жасанды интеллектіні пайдалануға салық салу жұмыс орындарының жаппай қысқаруын тежеуге және қызметкерлерді жаңа мамандықтарға даярлауға қаржы бөлуге көмектесуі мүмкін дейді.

Алайда технология саласындағы барлық кәсіпкер бұл ұсыныспен келіспейді. Мәселен, Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг бай адамдардың көбірек салық төлеуіне қарсы емес екенін айтқанымен, роботтарға арнайы салық салуды қолдамайды.

Оның пікірінше, жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсерін реттеудің басқа да жолдары бар.

Ал Гейтс технологиялық прогрестің пайдасын қоғамның барлық мүшесі көруі керек деп санайды. Сондықтан жасанды интеллект дәуірінде мемлекеттер үшін басты міндеттердің бірі жаңа технологиялардан түсетін табысты әділ бөлу болмақ.

Тэгтер:

салық Билл Гейтс ЖИ