"Мәдениетімді қорлау": пиццаға ананас қосудан бас тартқан италиялық аспаз жұмыстан қуылды

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Аустралияда италиялық аспаз пиццаға ананас қосудан бас тартқаны үшін жұмысынан айырылды. Ол мұндай тағам дайындауды өз халқының мәдениетін қорлау деп есептеген. Алайда жұмыстан шығарылғаннан кейін сотқа жүгінген аспаздың шағымы да қанағаттандырылмады. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Брисбен қаласындағы La Costa мейрамханасында болған. Онда жұмыс істеген италиялық аспаз Давиде Тамбурелла клиенттердің ананас пен ветчина қосылған «Гавай пиццасына» тапсырысын орындаудан бас тартқан. Аспаздың айтуынша, пиццаға ананас қосу итальян тағамдарының дәстүріне қайшы келеді. Ол жұмыс берушісіне мұндай талаптың италиялықтар үшін қаншалықты орынсыз екенін түсінуге кеңес берген.

Белгілі болғандай, Тамбурелла соңғы төрт жылда ананас қосылған пицца дайындаудан үшінші рет бас тартқан. Мейрамхана басшылығы оның әрекетін қызметтік міндеттерді орындамау деп бағалаған. Алайда жұмыстан шығаруға жалғыз пицца себеп болмаған. Мейрамхана иесі Эллиот Ингрэм аспаздың әріптестерімен қарым-қатынасына, дөрекі сөздер қолдануына және жұмыс кезіндегі мінез-құлқына қатысты да шағымдар болғанын мәлімдеді.

Тамбурелла мамыр айында жұмыстан шығарылғаннан кейін Аустралияның Еңбек қатынастары жөніндегі комиссиясына жүгініп, бұл шешімді заңсыз деп тануды сұраған. Алайда комиссия оның шағымын қабылдамады. Себебі аспаз белгіленген 21 күндік мерзімді өткізіп алған. Сондықтан комиссия жұмыстан шығарудың заңдылығына түпкілікті баға бермеген.

Бір қызығы, италиялықтар дәстүрлі тағамдарына жат деп қабылдайтын «Гавай пиццасы» Италияда емес, Канадада пайда болған. Оны 1962 жылы грек текті мейрамхана иесі Сэм Панопулос ойлап тапқан. Ол пиццаға ананас қосып көріп, кейін бұл тағам әлемге кеңінен танылған.

Ал жұмыстан айырылған Тамбурелла бүгінде Брисбендегі Don Gino итальян мейрамханасында бас аспаз болып жұмыс істейді. 

Тэгтер:

пицца ананас