Алматыда Меладзе концертінде жанжал шығарған үш әйел жауапқа тартылды

Бүгін, 10:45 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Алматыда Меладзе концертінде шу шығарғандар жауапқа тартылды, деп хабарлады полиция.

Анықталғандай, іс-шара барысында көрермендер арасында жанжал туындаған. Оларды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері концерт өтетін алаңнан сыртқа шығарған.

Оқиғаға қатысқан үш әйел анықталды. Олардың екеуі Алматы облысының тұрғындары. Біреуі сот шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған.

"Екіншісіне қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде жүргені үшін айыппұл салынды. Ал Тараз қаласының тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, концерттің тоқтатылғаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялаған аккаунт иесі анықталып, жалған ақпарат таратқаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды.

Концерт тоқтатылмай, штаттық режимде жалғасқан.