Астанада деменцияға шалдыққан қарияларға арналған ерекше балабақша ашылды

Бүгін, 21:39 / Жамбыл Жайлау
Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Астанада деменция белгілері бар егде жастағы адамдарға арналған ерекше балабақша жұмысын бастады. Мұнда қариялар таңертең келіп, күні бойы түрлі жаттығулар жасап, қатарластарымен араласып, кешке үйлеріне қайтады, деп turkystan.kz тілшісі Azattyq Rýhy басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада ашылған орталық "Пана" деп аталады. Оның кәдімгі қарттар үйінен басты айырмашылығы – егде жастағы адамдардың мұнда тәулік бойы қалуы міндетті емес. Олар күндіз арнайы мамандардың бақылауында болып, кешкі уақытта отбасына оралады.

Үш қабатты ғимаратта орналасқан орталық 1 қарашадан бастап келушілерді қабылдай бастаған. Қазір мұнда төрт зейнеткер бар. Олардың үшеуі – әже, біреуі – ақсақал. Жалпы мекеме 30 адамға арналған.

Орталық қызметінің бір айлық құны – 300 мың теңге. Қариялар мұнда таңғы сағат 09:00-ден кешке дейін уақыт өткізе алады.

"Анамды пансионатқа беруге дәтім бармады"

Қарттарға арналған балабақшаны Жанна Айтуллина есімді азаматша ашқан. Ол бұған дейін Петропавл қаласында 25 жыл прокуратура саласында қызмет атқарған.

Мұндай орталық құру идеясы оның жеке өміріндегі ауыр жағдайдан кейін пайда болған. Жанна Айтуллинаның айтуынша, әкесі мен жалғыз бауырының қазасы анасының денсаулығына қатты әсер еткен. Уақыт өте келе егде жастағы әйелде деменция белгілері байқала бастаған.

"Әкем сегіз жыл бұрын қайтыс болды. Оған дейін жалғыз інім Мұратбек өмірден өтті. Інімнің қазасын анам қабылдай алмады. Содан кейін деменция белгілері байқала бастады. Әкем көзі тірісінде анамды үнемі бақылап, қарап жүретін. Бізге де: "Мамаң газды сөндірмей кетеді, байқап жүріңдер, қараңдар" деп ескертіп отыратын. Бірақ ол кезде біз анамыздың жағдайына аса мән бермеппіз. Барлығы дұрыс сияқты көрінетін. Қазір ойласам, әкем көп нәрсені ертерек байқаған екен", – дейді Жанна Айтуллина.

Анасының жағдайы нашарлаған сайын оған тұрақты күтім қажет болған. Алайда әйел жақынын арнайы пансионатқа орналастыруға қимаған.

Осылайша, анасы секілді денсаулығында өзгерістер бар басқа да қариялардың күндіз уақыт өткізетін ортасын ашуды шешкен. Бұл бастамаға оның келіні Гүлмира Оспанова да қолдау білдірген.

"Анамды пансионатқа беруге дәтім бармады. Жүрегім дауаламады десем де болады. Қартайған адамды үйден алып кетіп, басқа жерге орналастыру оңай шешім емес. Содан кейін осындай балабақша ашу туралы ой келді. Анамды ғана емес, дәл осындай жағдайға тап болған басқа да қарттарды қоғамнан оқшауламай, күндіз бірге болатын орта қалыптастырғым келді", – дейді ол.

Жанна Айтуллина орталық ашылғаннан кейін анасының күнделікті мінез-құлқында оң өзгерістер байқалғанын айтады. Бұрын үйде тамақ ішуден бас тартып, көп уақытын ұйқымен өткізетін анасы қазір өзге қариялармен бірге дастарқан басына отыратын болған.

"Аспазшы келіп, бүгін анаңыз тамағын тауысып жеді дегенде қатты қуанамын. Бұрын "ыстық тамақ ішіп алшы" десем, үнемі "ішкім келмейді" дейтін. Қазір мұнда өз замандастарымен бірге отырып тамақтанады. Анамның өмірі қайта басталғандай әсер қалдырады", – дейді орталық құрылтайшысы.

Қариялар балабақшада немен айналысады?

Орталықта егде жастағы адамдар үшін арнайы күн тәртібі жасалған. Таңертең олар жеңіл дене жаттығуларын орындап, би билейді. Одан кейін таңғы ас ішіп, қан қысымын өлшетеді.

Күндіз қариялар таза ауада серуендеп, кітап оқиды, түрлі ойындарға қатысады. Сағат 13:00-де түскі ас ішкеннен кейін демалып, ұйықтайды. Түстен кейін сурет салу, газет-журнал оқу және түрлі тақырыптарды бірге талқылау секілді жұмыстар ұйымдастырылады. Кешке серуендеп, тамақтанғаннан кейін үйлеріне қайтады.

Мекемеде қариялардың денсаулығын бақылауға арналған құрылғылар да қарастырылған. Орталық басшысының айтуынша, кейбір аппараттар Сингапурдан жеткізілген.

Қызметкерлер күн сайын келушілердің қан қысымын өлшеп, нәтижесін туыстарына хабарлап отырады. Сонымен қатар арнайы ортақ чат арқылы қариялардың күнделікті тіршілігінен фото және бейнежазбалар жіберіледі.

Орталыққа басқа қалалардан да сұраныс түсіп жатыр

Жанна Айтуллинаның айтуынша, балабақшаны ашуға қажетті қаражаттың барлығы жеке қаржысы есебінен жұмсалған. Үш қабатты ғимарат жалға алынып, қариялардың жайлы уақыт өткізуі үшін қажетті жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде орталыққа еліміздің түрлі өңірінен хабарласатындар көбейген.

"Күн сайын Алматыдан, Қарағандыдан, Өскеменнен хабарласып, біздің қалада қашан ашасыздар деп сұрайды. Көпшілігі ата-анасын қарттар үйіне бергісі келмейтінін айтады. Бірақ күні бойы жұмыста болғандықтан, үйде жалғыз қалатын қарияларына қарай алмайды. Балалары кешке жұмыстан шаршап келеді, ал ата-анасы күні бойы біреумен сөйлесуді, әңгімелесуді күтіп отырады. Біз сол олқылықтың орнын толтырғымыз келеді", – дейді ол.

Орталық құрылтайшысы алдағы уақытта жұмысты жолға қойып алғаннан кейін басқа қалаларда да осындай мекемелер ашу мүмкіндігін қарастырмақ.

"85 жастағы қария өзін 21 жастамын деп ойлайды"

Орталыққа келетін адамдардың басым бөлігінде есте сақтау қабілетінің бұзылуы байқалады. Кейбір қариялар өздерінің жасын, бұрынғы жұмысын, тіпті балалары мен немерелерін де есіне түсіре алмайды.

Мұндағы ең жас келуші – 65 жаста.

Жанна Айтуллинаның айтуынша, деменция белгілері бар адамдар кейде өткен өміріндегі оқиғаларды қазіргі уақытпен шатастырып жатады.

"Бірде қариялармен ойын ойнап отырып, "Өздеріңізді неше жастамын деп ойлайсыздар?" деп сұрадық. 85 жастағы атамыз 21-демін деді. Ал 70-тегі әжеміз өзін 55-темін деп есептейді. Адамның жаны қартаймайды ғой. Олар да өздерін әлі жас сезінеді. Сондықтан біз оларға тек күтім көрсетіп қана қоймай, өмірге деген қызығушылығын жоғалтпауға көмескіміз келеді", – дейді Жанна Айтуллина.

Оның сөзінше, мұндай адамдармен қарым-қатынас жасағанда сабырлылық пен түсіністік ерекше маңызды.

82 жастағы әйел науқас күйеуін балабақшаға әкелген

Орталыққа келушілердің бірі – Ақберген есімді қария. Ол ұзақ жыл құрылыс саласында жұмыс істеген. Қазір деменцияның ауыр сатысымен өмір сүріп жатыр.

Ақсақалды балабақшаға 82 жастағы жұбайы әкелген. Әйел бұған дейін күйеуіне өзі күтім жасаған. Алайда 61 жастағы ұлы жол апатына түсіп, мүгедектер арбасына таңылғаннан кейін екі адамға бірдей қарау қиындаған.

Алғашқы күндері Ақберген ақсақал жаңа ортаға үйренісе алмай, үйіне қайтқысы келген. Кейін біртіндеп орталықтағы күн тәртібіне бейімделе бастаған.

"Атамыз көп жыл құрылыс саласында жұмыс істеген, спортпен айналысқан. Әлі де ширақ, баспалдаққа оңай түсіп-шығады. Кейде осы үйді мен салдым деп айтады. Біз оған қарсы келмейміз. "Рақмет, ата, үйіңіз сондай әдемі екен, керемет салыпсыз" деп қолдап отырамыз. Мұндай адамдармен сөйлескенде олардың көңіл күйін ескеріп, түсіністік таныту маңызды", – дейді орталық басшысы.

"Ұзақ өмір сүргім келеді": Қариялардың көңіл күйі өзгере бастаған

Балабақшаға келетін зейнеткерлердің жақындары олардың мінез-құлқы мен көңіл күйіндегі өзгерістерді байқай бастаған.

Мәселен, Асыл Назарқызы есімді әже бұрын үйінде көп уақытын жалғыз өткізіп, денсаулығына байланысты жиі шағымданған. Ал орталыққа бара бастағаннан кейін өмірге деген қызығушылығы артқанын қызы жеткізген.

"Асыл әжеміздің қызынан таңертең хабарлама келді. Анасы бұрын үйде үнемі шаршап, ауырып тұрғанын айтып, өмірге деген құлшынысы төмен болған екен. Ал бізге келе бастағаннан кейін "маған емделу керек, ұзақ өмір сүргім келеді" деп айта бастапты. Тіпті балабақшаға күн сайын келгісі келетінін айтқан екен. Осындай сөздерді естігенде еңбегіміздің нәтижесін көргендей боламыз", – дейді Гүлмира Оспанова.

Орталық ұйымдастырушыларының айтуынша, олардың басты мақсаты – егде жастағы адамдарды жалғыздықтан алыстатып, өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезінуге мүмкіндік беру.

Қазіргі уақытта "Пана" орталығында төрт қария тұрақты түрде уақыт өткізеді. Тағы бірнеше отбасы ата-аналарын қабылдау жөнінде өтініш білдірген.

Болашақта мұндай балабақшалар еліміздің өзге өңірлерінде де ашылуы мүмкін.

Тэгтер:

Астана Балабақша