Астанада зейнеткерді өз үйінен күштеп шығармақ болған: Іске депутаттар араласты

Бүгін, 21:04 / Жамбыл Жайлау
astanatv.kz

Астанада сегіз жылдан бері баспанасына қатысты дау шешілмей келе жатқан отбасы жеке сот орындаушыларының әрекетіне шағымданды. Зейнеткер мен оның ұлын пәтерден күштеп шығармақ болған. Алайда іске Құрылтай депутаттары араласқаннан кейін үйден шығару әрекеті уақытша тоқтатылды, деп turkystan.kz тілшісі Astana TV телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Елорда тұрғыны Айдос Балтаевтың айтуынша, баспанаға қатысты мәселе осыдан сегіз жыл бұрын басталған. Сол кезде ол кәсібін дамыту үшін инвестор іздеп, қаржылай қолдау көрсетуге келіскен азаматпен келісімшарт жасасқан. Алайда кәсіпкердің сөзінше, инвестор уәде етілген 10 миллион теңгені бермеген. Соған қарамастан, келісімшартта бұл қаражаттың толық төленгені көрсетілген. Кейін аталған азамат пәтерді босатуды талап етіп, сотқа жүгінген. Осылайша, Балтаевтар отбасы өз баспанасына қатысты ұзаққа созылған дауға тап болған.

Айдос Балтаев жеке сот орындаушыларының әрекеті заң талаптарына сәйкес келмейтінін алға тартады. Оның айтуынша, пәтер нарықтағы құнынан бірнеше есе арзан бағаланып, аукцион арқылы сатылған.

"Жеке сот орындаушылар пәтерді нарықтағы бағадан 3 есе төмен бағалап, саудаға қойған. Екіншіден, аукцион заңсыз өтті. Себебі, аукционға тек бір ғана сатып алушы қатысып, сатылыпты. Заң бойынша жалғыз адам қатысса, аукцион ойнатылмайды", – деді Астана қаласының тұрғыны Айдос Балтаев.

Тұрғынның мәлімдеуінше, жеке сот орындаушылары отбасы мүшелерін пәтерден мәжбүрлеп шығаруға бірнеше рет әрекет жасаған. Тіпті баспананың есігін бұзып кіруге талпынған жағдайлар да болғанын айтады. Ал пәтерде оның зейнеткер анасы тұрады. Отбасы жылыту маусымы кезінде баспанадан күштеп шығару әрекетін заңсыз деп есептеп, тиісті органдарға шағым түсірген.

Мәселені шешу үшін Айдос Балтаев "E-otinish" электронды платформасы арқылы өтініш жолдаған. Оның арызына Құрылтай депутаттары Илья Теренченко мен Снежанна Имашева назар аударған.

"Біздің "E-otinish" бойынша жазған арызымызға бойынша Құрылтай депутаттары Илья Теренченко, Снежанна Имашева жауап берді. Бұл іске араласып, заңсыздық барын анықтады. Құрылтай депутаттарының араласуымен үйден күштеп шығару әрекеті тоқтатылды. Ол кісілерге айтар алғысымыз шексіз", – деді Айдос Балтаев.

Депутаттардың араласуынан кейін зейнеткерді баспанасынан шығару шаралары уақытша тоқтатылған.

Құрылтай депутаты Илья Теренченконың айтуынша, бұл шешім егде жастағы әйелдің жылыту маусымында баспанасыз қалмауына мүмкіндік береді.

"Құрылтай депутаттарының жедел әрекет етуінің нәтижесінде зейнеткерді үйден шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Бұл оған жылыту маусымы бойы өз баспанасында қалуға мүмкіндік берді. Осылайша, оған мәселені сот арқылы шешуге қосымша уақыт бар. Бұл жағдайда, жылыту маусымында баспанасыз қалу қаупі бар адамның конституциялық құқықтарына қатысты мәселе туындап отырғанын ескеру қажет", – деді Құрылтай депутаты Илья Теренченко.

Осылайша, Балтаевтар отбасы жылыту маусымы аяқталғанға дейін пәтерде тұру мүмкіндігін сақтап қалды. Енді олар осы уақыт аралығында баспанаға қатысты құқықтарын сот арқылы дәлелдеуге ниетті.

Тэгтер:

Астана