"Қой бағатын малшы": Жамбыл облысында оқушының әрекеті үшін әкесі сотта жауап берді

Бүгін, 22:33 / Жамбыл Жайлау
pexels.com

Жамбыл облысында мектеп оқушысын мазақ етіп, қорлаған жасөспірімнің әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот ер адамға ескерту жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Жуалы ауданындағы мектептердің бірінде болған. Сот материалдарына сәйкес, сегізінші сынып оқушысы сабаққа кешігіп келген. Осы кезде сыныптастарының бірі оны келеке етіп, "қой бағатын малшы" деп атаған.

Жасөспірім сыныптасының сабаққа кешігуін мал бағумен байланыстырып, оның ар-намысына тиетін сөздер айтқан. Бұл жағдай кейін тиісті органдардың қарауына берілген. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия оқушыға қатысты буллинг дерегін растаған.

Осыдан кейін баланың әкесін әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі сотта қаралды. Сот барысында құқық бұзушылық хаттама, тараптардың түсініктемелері және учаскелік полиция инспекторының баянаты арқылы дәлелденген.

Оқушының әкесі өз кінәсін мойындап, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін тиісті шаралар қабылдағанын жеткізді. Оның айтуынша, баласымен өзі де, мектеп мұғалімдері де тәрбиелік әңгіме жүргізген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес, кәмелетке толмаған адамның буллинг әрекеті үшін ата-анасына немесе заңды өкіліне ескерту жасалуы не 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Істі қараған сот жауапкершілікті ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларды анықтамаған. Нәтижесінде Жуалы аудандық соты азамат У.-ны кінәлі деп танып, оған әкімшілік ескерту түріндегі жаза тағайындады.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

Тэгтер:

мектеп Жамбыл облысы