АҚШ-та 94 жастағы зейнеткер Эрнест Шойер Үлкен каньонды жаяу жүріп өткен ең қарт адам атанып, Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Гиннес рекордтар кітабының мәліметінше, америкалық қария 94 жас 75 күнінде ұзындығы 33 шақырым болатын күрделі бағытты еңсерген. Бұған дейін бұл рекорд Испания азаматы Альфредо Ариага Бурдиоға тиесілі болған. Ол 93 жас 60 күнінде осындай қашықтықты жүріп өткен еді.
Эрнест Шойер ұзақ жылдар бойы жаяу серуендеумен айналысқанымен, бұрын мұндай күрделі бағытта сапар шекпеген. Соған қарамастан, егде жастағы азамат Үлкен каньонды бағындыруды мақсат еткен. Ол қауіпті жолға жалғыз шықпаған. Қасында немересі Эрик Арлингтон және тағы бес адам болған.
Саяхатшылар 33 шақырымдық бағытты 33 сағат 45 минутта жүріп өткен. Осы уақыт ішінде олар биіктік айырмасы үш шақырымнан асатын өрлер мен еңістерді еңсерген. Алайда рекорд иесінің өзі мұндай жетістікке жетуді аса қиын деп есептемейтінін айтты.
"Бұл жорық аса қиын болмады. Түскенде де, көтерілгенде де тік жерлер бар. Соқпақтың кей жері тегіс емес, сондықтан аяқ астына қарап жүру керек. Жолдың басым бөлігінде асықпай жүрдім. Бірақ "бір қадамнан кейін тағы бір қадам" деген ұстанымымды ұстанып, сапарды аяқтадым", – деді Эрнест Шойер.
Қарияның айтуынша, сапар барысында ең маңыздысы асықпай, әр қадамды мұқият басу болған. Ол жолдың қауіпті тұстарына қарамастан, алға қойған мақсатынан бас тартпаған. Әсіресе мәреге жақындаған сайын бойында күш-қуат көбейгенін жеткізді.
"Сапардың соңына жеткенде жағдайым өте жақсы болды. Мақсатыма жететінімді білген соң соңғы бірнеше шақырым өрге қарай жүргенде бойымда күш-қуат көп болды", – деді рекорд иесі.