Ақтөбеде тағы бір жас келіншек бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапты

Бүгін, 17:29 / Алуа Арман
istockphoto.com

Полиция күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Алдын ала мәлімет бойынша, ол марқұмның бұрынғы күйеуі болуы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның нақтылауынша, бұған дейін ерлі-зайыптылар отбасылық жанжалдарға байланысты құқық қорғау органдарына шағымданбаған.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан жасалған. Айта кету керек, бұған дейін полицияға тұрмыстық жанжалдарға қатысты ешқандай арыз-шағым, өтініш немесе хабарлама түспеген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облыстық Полиция департаменті.

Тергеу мүддесіне байланысты полиция оқиғаның өзге де мән-жайын жария етпеді.

Бұл – соңғы күндері Ақтөбеде жас әйелге қатысты жасалған екінші кісі өлтіру оқиғасы. 3 қарашада қалалық Неке сарайында 26 жастағы әйел қаза тапқан болатын. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сәйкес, ол пышақ жарақаттарынан көз жұмған. Күдікті оқиға орнында ізін суытпай ұсталып, кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта полиция қылмыстың мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.

Тэгтер:

Полиция Ақтөбе Күйеу келіншек