Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасында үйде ойнап жүріп магнит жұтып қойған жеті және төрт жастағы екі ағайындыға ота жасалды. Дәрігерлер балалардың ағзасынан барлығы 32 бөгде затты алып шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Балалар ауруханаға іші ауырып, мазасызданған шағымдарымен жеткізілген. Тексеру барысында магниттердің асқазан-ішек жолдарының әртүрлі бөліктерінде орналасқаны анықталды. Дәрігерлер ағайындыларды шұғыл түрде ауруханаға жатқызып, ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Кіші баланың асқазанынан 15, ал аш ішегінен тағы 14 магнит табылған. Олар бір-біріне тартылып, ішек қабырғаларын қысып тұрған. Ота барысында хирургтер Меккель дивертикулын да анықтап, алып тастаған. Бұл – ішек қабырғасының туа біткен қалта тәрізді өсіндісі.
Ал үлкен ағасының тоқ ішегінен үш магнит табылған. Оларды лапароскопиялық ота арқылы алып шыққан. Арнайы әдістің көмегімен хирургтер ішекті тікелей кеспей-ақ бөгде заттарды шығарған.
Аурухана хирургі Асқар Қаназовтың айтуынша, балалар магниттерді үйде абайсызда жұтып қойған. Ата-анасы дер кезінде жедел жәрдем шақырып, ағайындылар оқиғадан шамамен бес сағат өткен соң ауруханаға жеткізілген.
«Бірнеше магнитті жұтып қою баланың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Магниттер ішектің әртүрлі бөлігінде орналасса да, бір-біріне тартылып, ішек қабырғаларын қысып қалуы мүмкін. Соның салдарынан қан айналымы бұзылып, ішек тіндері зақымданады, тіпті ішек қабырғасы тесіліп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда уақыт жоғалту ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал», – деді хирург.
Отадан кейін дәрігерлер қосымша тексеру жүргізген. Балалардың ағзасынан басқа магниттер табылмаған. Ауруханаға жатқызылғаннан кейін тоғыз күн өткен соң ағайындылар үйлеріне шығарылды.
Дәрігерлер тіпті бірнеше магнитті жұтып қоюдың өзі ішектің зақымдануына және басқа да ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Егер баланың магнит жұтып қойғанына күдік болса, ешқандай белгі байқалмаса да, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.