Түркияның Ниде провинциясында орналасқан Алтай ауылы – шетелдегі қазақы болмысын сақтап қалған бірегей мекен. Осыдан 70 жылдан астам уақыт бұрын атажұрттан жырақтап, қыр асып, Түркияға тұрақтаған қазақтар үшін арнайы салынған бұл ауыл бүгінде ұлттық дәстүр мен мәдениеттің шағын орталығына айналып келеді. Мұндағы қазақтардың саны азайғанымен, ана тілі мен ата салтын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылыс бәсеңдеген емес. Соның жарқын дәлелі – ауыл тұрғыны Орхан Сесигүзелдің бастамасымен ашылған «Алтай атамекен» этноауылы. Алғашында өз балаларына қазақтың салт-дәстүрін таныстыру мақсатында тігілген бір киіз үй тұрған жер бүгінде туристер қызығатын этномәдени кешенге айналған. Мұнда қонақтар қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, қымыз ішіп, атқа мініп, садақ атып, көшпенділер мәдениетімен таныса алады. Тіпті, биыл ауылда алғаш рет ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне 15 мыңға жуық адам жиналған. Алдағы уақытта этноауылды кеңейтіп, балаларға домбыра үйірмесін ашып, сонымен қатар, көкпар құрамасын жасақтағысы келетін Орхан Сесигүзелмен аз-кем сөйлескен едік.
– Түркияда тек қана қазақтар мекендейтін жалғыз ауыл – Алтай ауылы туралы көп естиміз. Деректі фильмдерден байқағанымыздай, қазір ауылда тұрақты тұратын отбасы саны азайған секілді. Қазір Алтай ауылында қанша қазақ отбасы тұрады?
– 1955 жылдары Түркия үкіметі азаматтық пен жер беріп, құшақ жая қарсы алған соң, ата-әжелерімізді осында көшіріп әкелгенде мұнда 500-ден астам қазақ қоныстанған екен. Бұған дейін бұл жерді ешкім мекен етпеген. Ақырында, осы аймақ жалпы саны 165 үйі бар, тек қазақтар тұратын ауылға айналды. Уақыт өте келе, көпшілігі Қазақстанға, енді бірі Еуропаға, кейбірі Түркияның басқа аймақтарына қоныс аударды. Қазір ауылда 25-тен астам үй бар. Онда 100-ге жуық қазақ тұрады. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Егін егіп жүргендер де жетерлік. Мұнда бау-бақшалар бар. Көп ауылдас сонда жұмыс істейді.
– Шағын ғана ауыл ішінен «Алтай атамекен» этноауылын ашуға не түрткі болды?
– Бұған 14 жастағы үлкен қызым себепкер болды. Балаларымның 5-6 жас кезінде үйде тек қазақша сөйлесетін едік. Мен отбасыма «Үй ішінде тек қазақ тілінде сөйлейміз» деп талап қойғанмын. Сөйтіп, көп уақыт бойы үйде қазақша сөйлесіп жүрдік. Кейін бір жолы үлкеніммен әңгімелесіп отырғанымда «Әке, не дейсің? Қазақша түсінбеймін ғой. Маған түрікше айтшы» дейді. Бұл сөз жүрегіме қатты батты. Сол кезде балаларымның қазақы болмысынан алыстап бара жатқанын түсіндім. Қайтсем де, ұрпағымның бойындағы қазақылықты сақтап қалуды мақсат еттім. Балалар атқа мінуді білмейді, қымыздың не екенінен де бейхабар. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да түсінбейді. Сөйтіп, басында өз үйімнің жоғары жағында бос тұрған бір соттық жерге киіз үй тіктім. Ондағы мақсатым – өз балаларым, сондай-ақ ауылдың балалары да киіз үй арқылы тамырын, шығу тегін танысын, атқа шапсын деген ой. Жеті жылдан бері жылқы ұстаймын. Құдайға шүкір, қырыққа жуық жылқым бар, он шақтысы – бие. Балалар сол жылқыларға мініп, тақым қысып үйренсе екен деп едім. Оған қоса, ауылға келген қонақтарды да сол жерде қарсы алып, тынығып қайтсын деген ойым болды. Ауылдастар, тамыр-таныстар көп келе бастаған соң, Ниде әкімшілігіндегі мәдениет бөлімінің өкілдері келіп, «Мына жерді туристер көп келетін жерге айналдырайық» деген ұсыныс айтты. Сөйтіп, тағы 4 киіз тігіп, ішін керек жабдыққа толтырып, әрлеп, сәндеп қойдық. Мұнда садақ атуға да мүмкіндік бар. Келген қонақтар садақ тартып, қымыз ішеді, атпен ша-бады. Өзім де домбыра шертемін. Қазақтың әндерін тыңдап, ақ шай ішіп, манты мен қазақша еттен дәм татады. Шүкір, небәрі үш жылдың ішінде бұл жер рухани құндылық-тарды дәріптейтін ерекше орынға айналды.
– Видеодан байқағанымыздай, кіре берісте биікте Түркия туымен қатар біздің Көк байрағымыз да желбіреп тұр!
– Дәл солай. Аулаға Түркия туымен қатар, Қазақстанның көк байрағын да көтеріп, желбіретіп қойдық. Менің туристерді тартатын жерге айналдырамыз дегенді естігендегі мақсатым сол еді – атамекеніміздің туын көкке көтеру. Түріктер Қазақстанды қатты сыйлайды. Қарапайым тұрғыны болсын, шендісі болсын, мұнда кіріп келе жатқанда «Қазақ бауырлар, қалайсыңдар?» деп кіреді. Қазақстанның туы тек сыртта емес, әр киіз үйде ілулі тұр. Бір киіз үйде Түркістанның жеке туы да бар.
– Киіз үйді елден алдырттыңыздар ма, әлде?
– Киіз үйлердің біреуін ауылдағылардан сатып алдық. Олар мұның қадірін білмей, жылдар бойы шетке ысырып келсе керек. Ол киіз үй 15 жыл бұрын арнайы біздің ауылға Қазақстаннан әкелінсе керек. Екеуін Қырғыз елінен тапсырыспен алдырттық. Ал біреуін осындағы қырғыз бауырымыз әзірледі. Киіз үйлердің біреуі – сегіз қанатты, біреуі – алты қанатты. Қалған екеуі – төрт қанатты.
– Бастапқыда балаларыңыз бен ауыл жастарына ұлттық құндылықтарды таныстыру мақсатында қолға алған бастамаңыз аз уақыт ішінде туристерді тартатын орынға айналады деп ойламаған боларсыз?
– Расында, олай ойламадым. Мұнда қоныс тепкенімізге 70 жылдан астам уақыт болды. Аталарымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» дегенді жиі айтатын. Киіз үйлер тігіліп, туристер көп келетін болғалы бері бәрі өзгеріп сала берді. Бұрын жастарымыз қазақша сөйлеуді аса құрмет санамайтын, дәстүрге де онша қызығушылық танытпайтын. Қазір жағдай мүлде басқаша. Ауылдағы балалардың бәрі қазақ тілін құрметтейді. Ауылға келген қонақтар балаларға: «Кәне, қазақша сөйлеп көрші!» дегенде, тіл білетіндері алға шығып, мүдірмей жауап береді. Ал білмегендері беті қызарып, ұялып қалады. Кейін үйлеріне қайтқан соң, намысқа тырысып, сөздерді жаттап, өз бетінше үйреніп алды. Интернеттен Қазақстан туралы түрлі ақпарат қарайды, жаңалықтар оқиды. Бұрын қазақша ән тыңдамайтын балалар қазір таңнан кешке дейін тек қазақша ән тыңдайды. Басқа тілдегі әндерге көп қызықпайды. Енді домбыра шертуді үйренсе деймін. Біз бала кезімізден домбыра шертіп өстік. Мұнда да домбыра шертуді білетін ағаларымыз бар. Ыстамбұлдағы жастардың басын қосып, көп шаруа атқарып жүрген Жанымхандардың бастамасымен жас балалар домбыра үйреніп жүр. Енді олар біздің ауылдағы балаларға да домбыра үйрету үшін бір жігітті арнайы жіберуге әрекет жасамақ.
Балалар ауылдан 17 шақырым жердегі мектепке көлікпен қатынайды. Бұрын ауылдағы балаларды мектепке тасымалдаумен айналысатынмын. Екі жылдан бері ол жұмысты тоқтатып, осы этно ауылды дамытуға біржола бет бұрдым.
– Киіз үйлердің іші Қазақстандағы дәстүрлі киіз үйлерден кем емес екен. Қажетті бұйымдар мен жабдықтарды қайдан алдырттыңыздар? Қазақстаннан арнайы тапсырыспен жеткіздіңіздер ме?
– Киіз үйлердің ішін бірліктің арқасында толтырдық. Ауыл тұрғындары өздері қолдау білдіріп, түрлі ұлттық бұйымдарды сыйға тартты. «Отау тігіп, киіз үй ашып жатыр екенсіңдер» деп, әркім қолынан келгенін әкелді. Мұнда жетпіс жылдық түскиіз де, небәрі екі жыл бұрын жасалған түскиіз де бар. Ауыл тұрғындары осындай орта қалыптасқанына, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін орын ашылғанына қатты қуанды.
– Видеодан арнайы бөтелкелерге құйылған қымыз сататыныңызды байқадым. Шынымды айтсам, Түркияда қымыз сатылады деп ойламаппын. Бұл кәсіпті қалай бастадыңыздар?
– Қымыз әзірлеп келе жатқанымызға жеті жыл болды. Бастапқыда бұл істі мүлде білмейтінбіз. Ауылда ешкім қымыз әзірлей алмайтын. Осыдан жеті жыл бұрын Қазақстаннан бір ағамыз келді. Ол кезде екі биеміз бар еді. Сол кісі биені қалай сауу керегін үйретіп, кейін қымыз ашытудың қыр-сырын көрсетті. Содан бері қымыз әзірлеп келеміз. Ал кейінгі екі жылдан бері қымызды арнайы бөтелкелерге құйып, сатылымға шығарып жүрміз.
– Қымызға сұраныс қандай? Көбіне кімдер тапсырыс береді?
– Сұраныс өте көп. Ыстамбұл, Измир, басқа қалалардан да тапсырыс түседі. Ол жақтарға карго арқылы жіберіп отырамыз.
– Қазақшаңыз да жақсы екен. Түркияда тұрып, ана тіліңізді ұмытпай, кейінгі ұрпаққа да үйретіп жүргеніңізге риза болдым.
– Бұл – үлкендердің жақсылығы. Бізге қазақ тілін ұмыттырмауға барын салды. Ал енді біз өз балаларымызға ана тілімізді ұмыттырсақ, онда біздің жаман болғанымыз. Бұл – бізге сын. Ауылымызда қырық жастан асқандардың барлығы дерлік қазақша жақсы біледі. Ал жастар, жоғарыда айтып өткенімдей, біздің бастамамыздан кейін тілді үйрене бастады. Қазір, Аллаға шүкір, балалар қазақша сайрап тұр. Өзім қазақша жазуды білмеймін, бірақ балаларым жазуды өз бетімен меңгеріп алды. Кирилл әліпбиін танымаймын, алайда бұрынғы төте жазуды білемін.
– Ауылдарыңызға әлемнің түпкір-түпкірінен қонақтар келетінін айттыңыз. Көбіне қай елдерден көп келеді?
– Жаз мезгілінде ауылға келушілердің қатары өте көп болды. Ауылдан көшіп кеткендер мен Түркияның басқа аймақтарында тұратындар онсыз да жыл сайын келеді. Ерекше айта кетерлігі, мың шақырымнан астам жерден, Еуропадан, Франциядан, Америкадан келген қонақтар болды. Биыл әлемнің әр бұрышынан ағылған адамдардың санында шек болмады. Ауыл болып жұмылып, қонақтарды күтіп алып, ас-суын әзірледік. Тіпті, келген адамдардың көптігінен барлығын күтуге кейде шамамыз да жетпей қалды. Ауылымызды көру үшін арнайы келгендер де көп болды. Бірі қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, атқа міну үшін арнайы келсе, енді бірі қымыз ішуге келді. Арасында сонау алыстан арнайы саумал ішу үшін келіп, бір апта бойы қонақ болғандар да бар. Туристерден, өз бауырластарымыздан бөлек, бізге телеарна журналистері де жиі келеді. Аптасына кем дегенде бір рет тілшілер мен блогерлер келіп, ауылымыздың тыныс-тіршілігін бейнетаспаға түсіріп кетеді.
Осындай жұмыс көп уақытта кезінде ауылда жұмыс жоқ деп көшіп кеткен ағайындар қайтадан оралса дейсің. Ауылда жұмыс орындары ашылса, көшіп кеткендер қайтып келеді ғой. Осылайша, ауылдағы қазақтың санын қайта көбейтсек дейміз. Бұрындары «Ауылда не бар дейсіз?» дейтіндердің біразы қазір оқудан соң ауылдағы үйіне келіп, жаз бойы тұрады. «Қара жорға ата» деп атайтын бір ақсақалымыз бар. Алматыда мейрамханасы бар, ол жақта киіз үй де тіккен. Ол кісі де ауылымызға жиі келіп тұрады. Осындағы үйін жөндеп жатыр. Ағайындар ауылға келіп, үйлерін жөндеп, түтінін түтеткен сайын біз де қуанамыз.
– Әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздан өзге елден келген туристердің ұлттық киімдерімізді киіп, арнайы фотосессия жасағанын да көзіміз шалып қалды. Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылықтың Қазақстаннан тыс жерлерде де артып келе жатқаны көңіл қуантады.
– Иә, ұлттық киімімізге қызығатындар жетерлік. Айтпақшы, ұмытып барамын, біздің негізгі кәсібіміз – теріден бұйымдар жасау. Теріден шапан, бас киім, желет тігеміз. Тері бұйымдарының барлығын өзіміз әзірлейміз, ал кестелі өнімдерді Қазақстаннан алдырамыз. Мұның бәрі – көпшіліктің қолдауы мен көмегінің арқасында жүзеге асып жатқан іс. Ұлттық тағамдарымызды да ұмытқан жоқпыз. Ата-әжелеріміз әзірлейтін ұлттық тағамдарды әлі күнге дейін дайындаймыз. Қазақша ет асып, манты түйеміз. Мұнда жылқы етінен тағам әзірлеуге рұқсат етілмегендіктен, қазыны көбіне сиыр немесе қой етінен әзірлейміз. Құрт қайнатып, ірімшік те жасаймыз. Қысқасы, ауылымызда ұлттық тағамдарымыздың бәрі бар. Әсіресе, ақ шай туристерге ерекше қызық. Олар оны көбіне ағылшын шайы деп ойлайды. Біз болсақ, оның ағылшын шайы емес, түркі халықтарына ортақ дәстүрлі сусын екенін түсіндіреміз. Оны қазақтар да, қырғыздар да, түрікмендер де ішеді. Бірақ біз ақ шайға тұз қосып ішеміз. Тұз суды бойда ұстап тұруға септігін тигізеді. Біздің ата-бабаларымыз да шайды осылай ішкен. Мұны көріп өскен біз солай ішуге үйреніп қалғанбыз.
– Этноауылда шағын дүкендеріңіз де бар екен...
– Иә, онда ойыншықтар, Қазақстаннан әкелінген ұлттық кәдесыйлар және өз қолымызбен тіккен бұйымдар сатылады. Ауылдағы ата-аналарымыздың да қолөнер бұйымдарын саудаға шығарамыз. Бұл – ауыл тұрғындарына да табыс көзі. Қонақтар естелік ретінде тақия, сөмке және басқа да ұлттық бұйымдарды сатып алып кетеді.
– Қазірдің өзінде туристердің қызығушылығы жоғары екенін ескерсек, төрт киіз үй аздық ететін шығар. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, этноауылды кеңейту жоспары бар ма?
– Әлбетте. Ниде қаласының әкімі мұнда арнайы келіп, 10-15 рет қонақ болды. Бастамамызды көріп, «Мына жер жақсы екен!» деп оң бағасын берді. Алдағы уақытта киіз үйлердің санын 15-ке жеткізейік деген ұсыныс айтылды. Қазақстаннан бірнеше киіз үй алуды жоспарлап отырмыз. Қазір біздегі киіз үйлердің көбі нағыз киізден жасалмаған, тек біреуі ғана таза киізден әзірленген. Қалғандары шүберектен тігілген. Сондықтан атажұрттан нағыз киіз үй алдыртсақ деген ниетіміз бар. Бұл жақта Қазақстанның туын көтеріп, ұлттық болмысымызды танытуға тырысып жүрміз. Десе де, Түркияда нағыз киіз үйді әзірлеу қиынға соғады. Темірден қаңқасын жасатып көрдік, алайда ойдағыдай болмады. Сондықтан ағаштан жасалған, сырты таза киізбен жабылған дәстүрлі киіз үй болса дейміз. Одан бөлек, осы маңайда атпен садақ атуға арналған арнайы алаңқай салуды жоспарлап отырмыз. Туған ағам Әли Сесигүзел осы спорт түрімен айналысады. Жуырда Кореяда өткен жарыста әлем чемпионы атанды. Оны осында шақырып, ауыл балаларына садақ атуды үйретсек деген ойымыз бар. Ағамның өзі де кезінде атажұртқа, соның ішінде Атырауға көшіп барған. Негізі, терезе жасау ісімен айналысу үшін барған еді. Кейін садақ атуға қызығушылығы оянып, осы спортты қолға алды. Үш жыл бұрын әлем чемпионы атанды, биыл да осы жетістігін қайталады. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, 15 сотық жерге 15 киіз үй тігіп, қымыз өндіруді, бие санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар ат үстінде садақ атуды әуелі өзіміз жақсылап меңгеріп алсақ дейміз. Одан кейін көкпар тартуды үйрену ойымызда бар. Ол үшін екі жылдай жаттығып, тәжірибе жинап, он шақты адамнан команда құрғымыз келеді.
– 80 үйі ғана бар ауылдарыңызда биыл алғаш рет ұйымдастырылған Наурыз мерекесіне 15 мың адамның келуі көпшіліктің қызығушылығын аңғартса керек. Келесі жылы мерекені тағы да ауқымды өткізуді жоспарлап отырсыздар ма?
– Әкімшілікке биыл Наурыз мерекесін ұйымдастырайық деген бастама көтердік. Алғаш рет өткізілген үлкен мерекеге шамамен 15 мың адам жиналды. Шынымды айтсам, ары кетсе, мыңға жуық адам келетін шығар деп ойлаған едім. Бірақ халықтың ықыласы біз күткеннен әлдеқайда жоғары болды. Іс-шараны тамашалауға Ыстамбұлдан үш автобусқа тиелген қонақтар келді. Анталиядағы Қазақстан консулдығы мен Ниде әкімшілігі қолдау көрсетті. Қазақстаннан садақшылар мен өнерпаздар арнайы шақырылды. Мереке өте жоғары деңгейде өтті. Әлбетте, бұл іс-шараның ауылымызға пайдасы көп болды. Ауылдың айналасы тазартылып, жаңа орындар ашылды. Ең бастысы, Түркиядағы қазақтың жалғыз ауылы ретінде біздің елді мекенімізді көпшілік тани бастады. Әлеуметтік желілерде, Instagram мен YouTube-та «Алтай ауылы» деген атаумен кеңінен таралды. Содан бері туристер саны тіптен арта түсті. Наурыз мерекесінен кейін ауылымызды көрген адамдар келесі жылы мерекені тағы да осында өткізуді ұсынды. «Биыл естімей қалыппыз, хабарымыз болса, міндетті түрде келер едік» дегендер көп болды. Сондықтан бұл мерекені жыл сайын дәстүрлі түрде өткізсек дейміз. Келесі жылы келушілер саны 100 мыңға жетеді деген үмітіміз бар.
– Әңгімеңізге рахмет! Қазақтың ұлттық құндылықтарын шетелде дәріптеп, кейінгі ұрпаққа аманаттап жүрген еңбегіңіз жемісті болсын! Бастамаларыңыз жалғасын тауып, Алтай ауылы қазақ мәдениетінің ордасына айнала берсін!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ