Қақпақсыз құдықтар қауіпті

Бүгін, 16:15 / Арайлым Жолдасбекқызы
istockphoto

Елімізде қақпақсыз қалған инженерлік құдықтар жыл сайын ондаған адамның жарақат алуына, мүгедек атануына, тіпті қайғылы қазаға ұшырауына себеп болып отыр. Бұл түйткіл тек коммуналдық саладағы кемшілік емес, ескірген инфрақұрылым, қара металл іздеген ұрлықшылар мен иесіз қалған желілердің жүйесіздігінен туындайды. Қауіпсіздік талаптары қағаз жүзінде қатаң көрсетілгенімен, жауапкершіліктің әр ведомство арасында бөлініп кетуі, қаржы тапшылығы және бақылаудың әлсіздігі мәселені шешуді сағызша соза түсуде. 

Құдық мәселесі республикалық маңызы бар қалалар мен ірі индустриалды облыс ор­та­лықтарында жиі кездеседі. Астана, Ал­маты, Шымкент шаһарларында және Қара­ған­ды, Павлодар, Көкшетау, Семей өңір­ле­рін­де халық тығыз орналасқан, инженерлік же­­лілер ауқымды тармақталған. Ашық құ­дық­қа түсіп, зардап шеккендердің жағдайы да әртүрлі. Балалар көбінесе аулада, ойын алаңы маңында немесе қараусыз аумақта жү­ріп шөп пен қар астында көрінбей қалған ашық құдыққа түсіп кетеді. Статистика де­рек­тері көрсеткендей, қайғылы жағдайларда ба­лалардың үлесі басым, өйткені олардың де­не бітімі мен салмағы терең құдықтан өз бе­тінше шығуға мүмкіндік бермейді. Ал ере­сектер негізінен қараңғыда, көше жарығы жоқ­тығынан, абайсызда ашық люкке түсіп, әр­түрлі дәрежеде жарақат алады. 

Қоғамдық қауіпсіздікке кері әсерін ти­гізіп отырған мәселені осы аптадағы Құ­рыл­тай отырысында «Әділет» партиясы Фрак­ция­­­сының мүшесі  Нұрсадық Ергешбек кө­терді. Ол инженерлік желілердің қауіпсіздігін қам­тамасыз ету және халықты қорғау жө­нін­дегі іс-шаралар туралы Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Қ.Бозымбаевқа депу­тат­тық сауал жолдады. 

– Инженерлік құдықтардың ашық және бү­лінген қақпақтары азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруді жал­ғастыруда.  Тек 2026 жылы балалардың ашық құдықтарға құлауының жеті жағдайы тір­келген. Бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болу­да. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойын­ша, анықталған ашық люктер саны 2021 жылы 126-дан, 2025 жылы 356-ға дейін өскен, ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 276 әкімшілік іс тіркелген. Бұл ретте елде әлі күн­ге дейін барлық инженерлік құдықтар­дың бірыңғай цифрлық есебі жоқ. Оларды қауіпсіз деңгейде ұстауға жауаптылар әр­дайым анықтала бермейді. Ал иесіз объек­ті­лер мен металл қақпақтардың ұрлануы бойын­ша қо­сымша тәуекелдерді тудырады, – деді Нұр­садық Ергешбек.

Инженерлік коммуникация қақпақтары­ның жоғалуы, істен шығуы тек техникалық ақау емес, әлеуметтік, экономикалық және ұйым­дастырушылық факторлардан туын­дай­тын күрделі мәселе. Сарапшылар мен рес­ми статистика аталмыш келеңсіздікке әсер ететін негізгі себептерді өзара тығыз бай­ланыста қарастырады. Қазақстандағы ашық құдықтардың ең басты себебі – қара металл мен шойын қақпақты ақша табу мақ­сатында ұрлап, қабылдау пункттеріне өткізу. Жыл сайын елде мыңдаған шойын қақпақ қол­ды болады, ал бұл үрдіс бақылау әлсіре­ген­де күрт өседі. Мұның сыртында, ескірген же­лідегі қақпақ ондаған жыл ауыстырылмай тоз­са, кей жерде сапасыз, жұқа материалдан жа­салған қақпақ салмаққа шыдамай, орта­сынан сынып не майысып қалады. Жолдың жүру бөлігіндегі ашық тұрған, майысқан люктер көлік дөңгелегіне орасан зор зақым келтіріп, жүргізушінің көлікті басқара алмай қалуына және жол апатына әкеп соқтырады. 

Бұл мәселенің ушығуына көлік жүктеме­сі­нің сақталмауы да әсер етеді. Әсіресе, ауыр жүк көлігі тротуар мен аялдама маңындағы люк­ті басып өтіп, қақпақтың орнынан түсіп кетуіне, жиегі опырылуына әкеледі. Сонымен қа­тар жол жөндеу не абаттандыру жүргізетін мердігер асфальттау немесе төсеніш салу ке­зінде құдық қақпағын дұрыс деңгейге кел­тірмей, көміп тастайды не бүлдіреді. Нәти­же­сінде, бұл орын уақыт өте келе шұңқырға ай­налып, қақпақ мүлде жабылмай қалады. Осы тұста коммуналдық кәсіпорынның ин­женерлік желіге тұрақты рейд пен алдын ала тексеру жұмысын аз жүргізуі ашық люктің ұзақ уақыт бойы байқалмауына «жол ашады». 

Ресми дерек пен сарапшы пікірін салыс­тыр­сақ, құдықтың ашық қалуының 70 пайыз­дан астамы қасақана ұрлық пен ванда­лизм­ге тиесілі, ал қалғаны материалдың тозуы мен көліктің әсеріне қатысты. Сарап­шы­лардың айтуынша, заңсыз қабылдау пунк­тінің жұмысын қатаңдатып, ұрланған затты қабылдауды түпкілікті жою арқылы бұл мәселенің 60-70 пайызын бірден шешуге бо­лады. Алайда бұл бағытта жүйелі кемшілік әлі де көп. Мәселен, заңсыз люк қабылдайтын орынға қарсы жазаның жеткіліксіздігі, кей пункт­тің жасырын жұмыс істеуі ұрлықшыға қо­лайлы жағдай жасайды. Люк ұрланған кез­де оны қалпына келтіру мерзімі заңда нақ­ты көрсетілмегендіктен, коммуналдық қыз­мет пен әкімдік бұл жұмысты кейінге қалдырып, салғырттық танытады. Бұған қоса, әлемдік тәжірибеде қолданылатын полимерлі-композиттік, яғни пластиктен, құм мен шайыр қосындысынан жасалатын ұрланбайтын қақпаққа көшу процесі барлық өңірде бірдей жүргізілмей отыр, бұл шойын қақпаққа деген қызығушылықты әлі де сақ­тап отыр. 

Құрылтай депутаты Нұрсадық Ергешбек Премьер-министрдің орынбасары Қ.Бозым­баев­қа жолдаған депутаттық сауалында бірың­ғай жауапкершілік ережелерін белгі­леу­ді және меншік иесі туралы ақпараты бар құ­дықтардың цифрлық тізілімін жасауды, қауіпті дереу жою үшін қараусыз қалған құ­дық­тарды мамандандырылған ұйымдарға беруді,  бір сағат ішінде қауіпті аймақтарды қор­шауды, екі сағат ішінде балалар мекеме­лерін­дегі қақпақтарды ауыстыруды және қақ­пақтардың жеткілікті қорын сақтауды ұсын­ды. 

– Тәуекелі жоғары құдықтарды торлар­мен және датчиктермен жабдықтау арқылы ар­найы санатқа бөлу, композиттік қақпақ­тар­ға қойылатын талаптарды әзірлеуді және ұрлық аймақтарындағы металл қақпақтарды олармен ауыстыру, ұрланған қақпақтарды тапсыру әрекеттері кезінде металл сынықта­рын қабылдау бойынша бақылауды күшей­тіп, полицияға жедел хабарлау керек. Уәкі­летті органдар мен өңірлер үшін бірыңғай жүйе­де деректер алмасуды қамтамасыз ете оты­рып, жарақаттардың, ұрлықтардың және олар­ды шешу мерзімдерінің бірыңғай есебін енгіз­ген жөн. Қауіпті аймақтарды анықтау жә­не тәуекел карталарын жасау бойынша пи­лоттық жобаларды іске қосу арқылы бүкіл ел бойынша «Қауіпсіз құдық» науқанын ұйым­дастыруды ұсынамыз, – деді депутат.

Қала көшелері мен тұрғын аулаларда қа­рау­сыз қалып, аузы ашық тұрған инженер­лік құдықтар әрбір азаматтың өмірі мен ден­саулығына төнген қауіп болып отыр. Терең­­дігі бірнеше метрге жететін мұндай қауіп­­ті тұзаққа сүрініп құлау адамның ауыр жа­рақат алуына, мүгедек болып қалуына, тіп­ті қайғылы қазаға ұшырауына әкеп соқ­тыра­ды. Сондықтан бұл түйткілді жай ғана ком­муналдық саладағы кемшілік емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін кезек күттірмейтін мәселе ретінде қараған жөн.

– Инженерлік құдықтардың тереңдігі екі метрден он метрге дейін жетеді. Мұндай биік­­­­тіктен құлаған адам сүйегі сынып, миы шай­­қалып, ішкі ағзасы, омыртқасы зақым­да­на­ды. Оның үстіне кәріз бен жылу құдық­та­рында метан, күкіртсутегі, көміртегі тоты­ғы сияқты әртүрлі улы газ жиналады. Құ­дық­қа құлаған адам жарақаттан аман қал­ғаны­мен, осы газдан уланып немесе оттегі же­тіс­пей ес-түссіз қалып, қаза табуы мүмкін. Бұ­ған қоса, көктемде қар ерігенде, су құбыры апат­қа ұшырағанда құдықтар суға толып қа­ла­ды. Ал жүзе алмайтын, естен танған адам лезде суға батып кетеді, – дейді дәрігер Гүл­зира Әубәкірова. 

Ашық құдықтар салдарынан болатын оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырып, жергілікті атқарушы органдар мен ком­му­нал­дық кәсіпорындарға деген халықтың се­німсіздігін күшейтеді. Сонымен қатар құ­дық­тардың иесіз қалуы, балансқа дұрыс тір­келмеуі салдарынан жазатайым оқиға ке­зінде кінәлі тарапты – мердігерді, ком­му­нал­дық мекемені немесе әкімдікті анықтау жә­не жауапқа тарту процесі ұзаққа созы­ла­ды. Бұл олқылық тек қақпақты жабумен шек­телмей, полимерлі-композиттік қақ­пақ­тар­ды қолдануға көшуді, ұрлыққа қарсы заң­наманы қатаңдатуды және халықтың қауіп­сіздік мәдениетін көтеруді талап етеді.

А.БИМЕНДІ