Алматылық дәрігерлер 8-қабаттан құлаған жасөспірімді аман алып қалды

Бүгін, 11:29 / Інжу Әлихан

Алматы қаласында 8-қабаттан асфальтқа құлаған 13 жастағы бозбаланы дәрігерлер аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz сайтына Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

Жасөспірім шамамен 24 метр биіктен құлаған. Оған №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері шұғыл түрде көмек көрсетті. Дәрігерлерге жеткізгенде баланың жағдайы ауыр болған. Дәрігерлер баланың бірнеше ағзасы қатар зақымданғанын, бас сүйек пен мидың жабық жарақатын, миы соғылғанын, қол-аяқ сүйектері бірнеше жерден сынғанын, кеуде және құрсақ қуысы ағзаларының зақымданғанын анықтады. Соның салдарынан балада шок болған.

Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер жарақаттардың ауқымын анықтап, әрі қарай емдеу тәсілін белгілеу үшін басынан аяғына дейін компьютерлік томографиядан өткізіп, жан-жақты тексерді.

«Бала ауруханаға түскен кезде оның жағдайы аса ауыр болды. Дереу шокқа қарсы шаралар қабылданып, қан айналымын тұрақтандыруға және ағзаның өмірлік маңызды қызметтерін сақтауға бағытталған қарқынды ем басталды. Алғашқы екі тәулікте реаниматологтардың басты міндеті науқастың жағдайын тұрақтандыру болды. Жағдайы біршама түзелгеннен кейін балаға ота жасалды. Операциядан кейін елеулі асқыну болған жоқ. Кейін жағдайы жақсарған соң бейінді бөлімшеге ауыстырылды», – дейді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы реанимация бөлімінің меңгерушісі Медетали Мақұлбеков.

Бозбала үшінші күні-ақ жансақтау бөлімінен травматологияға ауысқан. Травматологтар мен реаниматологтардан құралған топ жасөспірімге төрт мәрте ота жасады. Баланы аман алып қалуға хирургтер – Бақытқали Қожаханов пен Әділжан Нұров, анестезиолог Медетали Мақұлбеков, ассистенттер – Абзал Әбдіқасым мен Болат Ермекұлы қатысты.

«Жағдайдың қаншалықты ауыр екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сегізінші қабаттан құлау – оңай емес. Баланың тірі қалуының өзі адам сенгісіз оқиға деуге болады. Барлық ота сәтті өтті. Қазір науқастың жағдайы жақсы деп айтуға негіз береді. Енді баланы әрі қарай емдеу, қалпына келтіру және оңалту кезеңдері күтіп тұр», – деді №1 қалалық балалар клиникалық ауруханасы директордың орынбасары Құрметбек Тоқтар.

Бозбала жағдайы жағдайы жақсарып, қазір ауруханадан шықты. Ары қарай оны емхана дәрігерлері емдейді.