Ташкентте уланып қалған жас футболшылар Қазақстанға оралды

Бүгін, 11:22 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ташкентте өткен турнир кезінде жаппай тамақтан уланғаннан кейін ауруханаға жатқызылған Қарағанды облысының барлық жас футболшысы емдеу мекемелерінен шығарылып, Қазақстанға оралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің хабарлауынша, екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы өзара іс-қимылдың арқасында балаларға дер кезінде білікті медициналық көмек көрсетіліп, олардың елге қауіпсіз оралуы қамтамасыз етілген.

Оқиға болған алғашқы күннен бастап Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі зардап шеккен балалардың ата-аналарымен, медициналық мекемелермен және екі елдің құзырлы органдарымен байланыста болған. Сондай-ақ қажетті консулдық және ұйымдастырушылық көмек көрсеткен.

Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі де балалардың жағдайы жақсарып, барлығы ауруханадан шығарылғанын растады. Елге қайтар алдында медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау жүйесінің өкілдері жас спортшыларды шығарып салып, оларға зор денсаулық пен жаңа жеңістер тіледі.

Еске салайық, Қарағанды облысынан барған жас футболшылар Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық турниріне қатысу кезінде жаппай тамақтан уланған болатын.

Осы оқиғадан кейін Өзбекстанның Бас прокуратурасы санитариялық заңнаманы бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Тэгтер:

Турнир улану Ташкент футболшы