Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бауыр трансплантациясынан өткен 46 жастағы әйел мен оған донор болған 24 жастағы жігіт ауруханадан аман-есен шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бауыр циррозына шалдыққан әйелге трансплантация жасау қажет болған. Оған інісі донор болуға келісіп, медициналық тексерулер нәтижесінде ағзасының трансплантацияға сәйкес келетіні анықталды.
Жас жігіт күрделі операциядан қорыққанына қарамастан, әпкесінің өмірін сақтап қалу үшін бауырының бір бөлігін беруге шешім қабылдады. Оның бұл шешімін әкесі де қолдаған.
Операция сәтті өтіп, донор мен науқас қажетті ем қабылдағаннан кейін оңалып шықты. Ауруханадан шығарылған кезде медицина қызметкерлері екеуіне дәліз құрып, қошемет көрсетті.
Қуанышты сәтте науқастың туыстары Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Мәуленовке, бас дәрігердің хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Мақсат Досхановқа және операцияға қатысқан медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Айта кетейік, бауыр трансплантациясы – хирургтер, анестезиолог-реаниматологтар мен басқа да медицина мамандарының бірлескен жұмысын талап ететін күрделі операция. Науқастың сауығуында операциядан кейінгі медициналық бақылау мен оңалту шаралары да маңызды рөл атқарады.