Қостанай облысында 352 тоннадан астам бидайды заңсыз сатқан басшы сотталды

Бүгін, 10:41 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында «Эклипс Агро» ЖШС директорының ісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айыптау материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында ол шаруа қожалығына тиесілі, құны 28,5 млн теңге болатын 352,56 тонна бидайды алған. Кейін астыққа қатысты құжаттар «Эклипс Агро» ЖШС атына қайта рәсімделіп, бидай меншік иесінің келісімінсіз үшінші тұлғаларға сатылған.

Бұдан бөлек, айыптау нұсқасы бойынша, компания үш тасымалдаушыға көрсетілген көлік қызметтері үшін жалпы сомасы 11,1 млн теңгені төлемеген.

Қорғау тарапы тараптар арасында бірлескен шаруашылық қызмет болғанын алға тартты. Алайда прокурор бірлескен қызмет туралы шарттың, сондай-ақ бөтен астыққа билік ету құқығын растайтын құжаттардың жоқ екенін атап өтті.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сотталушы 6 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.