FlyArystan Ақтаудан Дубайға ұшатын тікелей рейстерді қайта жандандырады

Бүгін, 10:23 / Алуа Арман
istockphoto.com

Алғашқы рейс 2026 жылғы 21 қарашада орындалады. Ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері қатынайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әуе қатынасының қайта жандануы Маңғыстау облысының тұрғындарына әлемдегі ең танымал туристік орталықтардың біріне саяхаттауға жаңа мүмкіндік береді. Дубай – шығыс дәстүрлері заманауи сәулет өнерімен, ауқымды мәдени және ойын-сауық кеңістіктерімен, сондай-ақ қарқынды қала өмірімен үйлесім тапқан ерекше шаһар.

Парсы шығанағының жағалауында орналасқан Дубай саяхатшыларды құмды жағажайларымен, көгілдір теңіз суымен, көрікті жағалауларымен және демалыстың сан алуан түрімен қызықтырады. Мұнда әйгілі зәулім ғимараттардың биігінен қала көрінісін тамашалап, Dubai Marina жағалауында серуендеуге, алып сауда орталықтарын аралап, шығыс қонақжайлылығының атмосферасын сезінуге болады. Тікелей рейстердің арқасында Ақтаудан Дубайға жету үшін енді басқа қалада ұшақ ауыстырудың қажеті жоқ.

Рейстердің басталуы саяхаттауға қолайлы кезеңге тұспа-тұс келеді. Қыста Дубайда фестивальдер мен ашық аспан астындағы іс-шаралар маусымы басталады. Саяхат бағдарламасына мына орындар мен шараларды қосуға болады:

Dubai Shopping Festival (4 желтоқсан – 17 қаңтар) – Дубайдың түкпір-түкпірінде ұйымдастырылатын жеңілдіктер, концерттер мен түрлі қалалық іс-шаралар.

Global Village (2027 жылғы мамырға дейін) – әлемнің түрлі елдерінің павильондары, ұлттық тағамдар, мәдени бағдарламалар мен шоу-көрсетілімдер.

Dubai Miracle Garden – миллиондаған гүлден жасалған ауқымды композициялары бар әлемдегі ең ірі гүл саябақтарының бірі.

MOTIONGATE, LEGOLAND және Real Madrid World – отбасылық демалысқа арналған тақырыптық ойын-сауық саябақтары.

Саяхаттау үшін виза рәсімдеудің қажеті жоқ. Қазақстан азаматтарына БАӘ аумағына 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілген. Бұл ретте төлқұжаттың жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болуы керек.

Ұшу кестесіне сәйкес, сейсенбі күндері Ақтаудан ұшақ таңғы сағат 05:15-те ұшып, Дубайға 09:50-де қонады. Кері рейс Дубайдан сағат 10:55-те ұшып, Ақтауға 17:25-те жетеді.

Сенбі күндері Ақтаудан ұшу сағат 07:20-ға жоспарланған. Ұшақ Дубайға 11:55-те қонады. Ал кері рейс Дубайдан сағат 13:00-де ұшып, Ақтауға 19:30-да жетеді. Уақыт жергілікті уақытпен көрсетілген.

Бұған дейін FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстердің уақытша тоқтатылу мерзімін ұзартқаны хабарланған болатын. Мұндай шешім Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайдың сақталуына байланысты қабылданған.

Тэгтер:

Ақтау Ұшақ Рейс Дубай