Павлодар облысында заңсыз жүрген шетел азаматы ұсталды

Бүгін, 10:07 / Алуа Арман
polisia.kz

Павлодар облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында өңір аумағында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғын үй секторындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "Қауіпсіз үй" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері 40 мың тұрғын үйді аралап, тұрғындардан бұрын шағымдар түскен мекенжайларды тексерді. Тыныштықты бұзғаны үшін облыстың 438 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Профилактикалық жұмыстар кезінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың мүлкін қорғауға, ұрлық пен өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің жолын кесуге ерекше назар аударылды. Мәселен,"Қауіпсіз үй" ЖПІШ аясында Павлодар ауданының 41 жастағы тұрғынының үйінен ішкі істер органдарында тіркелмеген, шығу тегі белгісіз қару табылды.

Аталған азаматқа қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Сонымен қатар Шарбақты ауданының полицейлері тексеру барысында көші-қон заңнамасын бұзу дерегін анықтады. Өзбекстан Республикасының азаматы Қазақстан аумағында болу мерзімін асырып, елде 178 күн бойы заңсыз жүргені белгілі болды. Осы дерек бойынша шетел азаматына қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды.

Полиция қызметкерлері тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда. Кездесулер барысында жеке және мүліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігі түсіндіріледі.

Тұрғын үй секторындағы қауіпсіздік құқық қорғау органдарының жұмысына ғана емес, азаматтардың жауапкершілігіне де байланысты. Күдікті жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлау, қауіпсіздік талаптарын сақтау және айналада болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамау құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Тэгтер:

Павлодар облысы шетел азаматы