«Үйінді астында қаламыз ба деп қорқамыз»: Семейде апатты үйдің тұрғындары наразылық білдірді

Бүгін, 06:09 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Семейде апатты үйдің тұрғындары наразылық танытты. Олардың айтуынша, ескіні сүріп, жаңасын салмақ болған мердігерге шенеуніктер жер телімін бермей қойған. Ал тозығы жеткен үйді паналап отырған 13 отбасының мәселесі шешілмей жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қос қабатты баспананың іргетасы бір ғасыр бұрын қаланған. Ал 2025 жылы апатты деп танылған. Қазір жұрт үйдің шұрық-тесігін жамап-жақсап әлек.

Баспанада 13 пәтер бар. Ағаштан салынған үйдің шаңырағы кез келген сәтте опырылып, ортасына түсуі мүмкін. Себебі төбе жабындылары шіріп кеткен. Ал тұрғындардың дені — зейнеткерлер,  көпбалалы отбасылар.

Соның бірі — Хайнижамал Матычук. 77 жастағы зейнеткер апатты үйде өлместің күнін кешуге мәжбүр.

"Шөгіп барады. Еден деген тастай, аяқ киімсіз жүре алмайсың. Әжетханам далада. Суды құдықтан тасып аламыз. Жағдайымыз жоқ. Сәл де болса, жақсы өмір сүргіміз келеді. Өміріміздің көбі кетіп, азы қалды ғой", - дейді Хайнижамал Матычук.

Қазір тұрғындар жаңбыр жаумасын деп тілейді. Өйткені үйдің әр жерінен су сорғалайды. Ал баспанаға сараптама жүргізген мамандар шатырға шықпауға кеңес беріпті. Тіпті атқамінерлер ескіні сүріп, жаңасын салмақ болған мердігерлерге жер телімін бермей қойған.

"Қалада үй салып жатқан 3-4 мердігер келіп, қарап, бұл жерді ұнатты. "Аламыз" деді. Оған әкімнің рұқсаты болған жоқ. Өйткені олар жылумен қамтамасыз ете алмаймыз, дейді. Бірақ мына 100 метр жерде жаңа үй салды. Жылу, бәрі бар. Адамдар тұрып жатыр", - дейді Расул Эльдаров.

Осылайша бұқара жергілікті әкімдіктің түк бітірмей отырғанына ашулы. Олардың айтуынша, мәселені шешеміз деген шенеуніктер әзірге кеңес бекруден әріге аса алмай отыр.

S"Қазір бұл үйге реновация бағдарламасы бойынша тұрғындар мен жеке инвестордың арасында келісімшарт болуы керек. Қазір жеке инвестор жоқ.

Егер осы тұрғын үй апатты деп танылса, меншік иесінің санаты бар. Мысалы, баспана апатты десе, онда "Отбасы банкке" кезекке тұра алады", - дейді Семей қаласы Тұрғын үй қатынасы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Серік Байділданов.

Қазір шаһарда 58 баспана адам тұруға жарамсыз деп танылған. Ал осы санатпен үй кезегінде 122 адам тұр. Бірақ жұрттың су жаңа үйдің кілтін қолына қашан алатыны белгісіз.

Сондықтан тұрғындар әкім-қаралар сағызша созылып жүргенде, үйінді астында қаламыз ба деп алаңдаулы.