Күніне небәрі сегіз сағат ішінде тамақтану адамның есте сақтау қабілетін жақсартып, мидың қартаю белгілерін азайтуы мүмкін. Қытай ғалымдары бір айлық тәжірибе барысында қатысушылардың миының есептік жасы орта есеппен тоғыз айға төмендегенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Aging ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тәжірибеге 25-55 жас аралығындағы метаболикалық синдромы бар 23 ер адам қатысқан. Метаболикалық синдром – артық салмақ, қан қысымының жоғарылауы, қандағы қант пен май алмасуының бұзылуы сияқты бірнеше қауіп факторы қатар кездесетін жағдай. Ол жүрек аурулары, диабет және когнитивтік қабілеттің төмендеу қаупін арттырады.
Ғалымдар қатысушыларға бір ай бойы таңғы сағат 08:00-ден 16:00-ге дейін ғана тамақтануды ұсынған. Қалған 16 сағатта тамақ ішпеген. Алайда сегіз сағаттық аралықта тағам түріне немесе мөлшеріне арнайы шектеу қойылмаған.
Бір айдан кейін қатысушылардың денсаулығында бірқатар оң өзгеріс байқалған. Олардың орташа салмағы 95,6 келіден 91,2 келіге дейін төмендеп, қандағы қант көрсеткіші мен инсулинге сезімталдығы жақсарған. Сондай-ақ есте сақтау қабілетін бағалайтын тест нәтижелері жоғарылаған.
Ең қызығы, магниттік-резонанстық томография (МРТ) нәтижелері де өзгерген. Ғалымдар арнайы жасанды интеллект алгоритмі арқылы қатысушылардың ми құрылымын талдап, оның биологиялық жасын есептеген.
Тәжірибеге дейін қатысушылардың миы өздерінің нақты жасынан орта есеппен 2,79 жасқа үлкен болып көрінген. Ал бір айдан кейін бұл айырмашылық 2,03 жасқа дейін қысқарған. Яғни мидың есептік жасы шамамен 0,76 жылға немесе тоғыз айға төмендеген.
Сонымен қатар есте сақтау мен ақпаратты өңдеуге қатысатын гиппокамп, таламус және мидың басқа да кейбір аймақтарында сұр зат көлемінің ұлғайғаны байқалған.
Зерттеушілердің пікірінше, мұндай өзгерістер тамақтану уақытын ағзаның табиғи биологиялық ырғағына сәйкестендірумен байланысты болуы мүмкін. Сондай-ақ тамақтану аралығының қысқаруы жалпы тұтынылатын калория мөлшерін азайтып, зат алмасуға оң әсер еткен болуы ықтимал.
Дегенмен ғалымдар зерттеу нәтижелерін мидың шынымен тоғыз айға жасарғанының дәлелі деп қабылдамауға шақырады. Өйткені "ми жасы" – МРТ суреттері негізінде алгоритм есептейтін шартты көрсеткіш. Оның төмендеуі ағзаның қартаю үдерісі кері айналды дегенді білдірмейді.
Оның үстіне тәжірибеге небәрі 23 ер адам қатысқан және салыстыру үшін бөлек бақылау тобы болмаған. Сондықтан байқалған өзгерістердің нақты қай факторға байланысты екенін анықтау қиын.
Ғалымдар уақытпен шектелген тамақтанудың ұзақ мерзімді әсерін зерттеу үшін әйелдер мен ер адамдар қатысатын ауқымды тәжірибелер қажет екенін атап өтті.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл тәсіл болашақта зат алмасуы бұзылған адамдардың ми саулығын қолдаудың қосымша жолдарының біріне айналуы мүмкін. Алайда оның деменцияның алдын алатыны немесе дені сау адамдарға дәл осындай пайда әкелетіні әзірге дәлелденген жоқ.