Еуропаның 15 елі ЖИ дерек орталықтарының салынуына қарсы наразылыққа шықпақ

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Еуропаның 15 елінде 100-ден астам қоғамдық ұйым жасанды интеллектінің дамуына байланысты көбейіп жатқан деректер орталықтарының құрылысына қарсы наразылық акцияларын өткізбек. Белсенділер мұндай нысандардың электр энергиясы мен суды көп тұтынатынына, қоршаған ортаға және жергілікті тұрғындардың өміріне кері әсер етуі мүмкін екеніне алаңдаулы. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Stop Dirty Data Centres («Экологияға зиян келтіретін деректер орталықтарын тоқтатайық») деп аталатын акциялар 6-7 қарашада өтеді. Наразылық шаралары Ирландия, Польша, Дания, Финляндия, Испания, Нидерланд, Франция және Ұлыбритания сияқты елдерде ұйымдастырылады.

Белсенділер Еуропада ірі деректер орталықтарын салуға уақытша мораторий жариялауды талап етіп отыр. Олардың пікірінше, мұндай нысандардың қоршаған ортаға, энергетика жүйесіне және жергілікті халыққа әсері жан-жақты зерттелмейінше, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тоқтату қажет.

Дерек орталықтары – ақпаратты сақтау, өңдеу және жасанды интеллект жүйелерін жұмыс істету үшін пайдаланылатын мыңдаған сервер орналасқан ірі кешендер. Олардың үздіксіз жұмыс істеуі орасан зор электр қуатын қажет етеді. Ал серверлерді салқындату үшін кей жағдайда көп мөлшерде су жұмсалады.

Наразылық ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай орталықтардың көбеюі электр энергиясының қымбаттауына, су тапшылығының күшеюіне және тұрғын үйлер мен қоғамдық инфрақұрылымға түсетін қысымның артуына әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар жергілікті тұрғындар құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуына, резервтік генераторлардың ауаны ластауына және тәулік бойы жұмыс істейтін жабдықтардың шуына шағымданады.

«Бүгінге дейін өз аймақтарында электр қуатын, суды және жерді көп қажет ететін деректер орталықтарының құрылысына қарсы күресіп келген тұрғындар енді өз талаптарын бүкіл Еуропа деңгейінде көтеріп отыр», – дейді Stop Dirty Data Centres қозғалысының үйлестірушісі Оуэн Эспли.

Акция аясында шерулер, қоғамдық кездесулер, пікірталастар, петиция жинау шаралары, велосипед шерулері және поэзия кештері ұйымдастырылады.

Бұл наразылық Еуропада жасанды интеллект инфрақұрылымына инвестиция қарқынды өсіп жатқан кезеңге тұспа-тұс келді. PwC консалтинг компаниясының мәліметінше, өңірдегі деректер орталықтарына салынатын жылдық инвестиция көлемі 2020 жылғы 12 миллиард еуродан 2026 жылы 25–26 миллиард еуроға дейін өскен. Ал 2026–2031 жылдар аралығында бұл салаға жалпы 176 миллиард еуро жұмсалуы мүмкін.

Еуропа елдері жасанды интеллект саласында АҚШ пен Қытайдан қалып қоймау үшін жаңа деректер орталықтарын салуды жеделдетіп жатыр. Алайда бұл бастама технологиялық дамудың пайдасы мен оның экологиялық және әлеуметтік салдары арасындағы қайшылықты күшейтуде.

Ұйымдастырушылар жаңа технологиялардың дамуына толықтай қарсы емес екенін атап өтеді. Олардың негізгі талабы – деректер орталықтарын салу туралы шешім қабылдағанда жергілікті тұрғындардың пікірі ескеріліп, табиғи ресурстарға түсетін жүктеме мен ықтимал қауіптер ашық бағалануы керек.

Тэгтер:

Еуропа ЖИ