Бразилияда жойқын құйын соғып, әуежайды қиратып кетті

Бүгін, 21:39 / Жамбыл Жайлау
видеодан скриншот

Бразилияның оңтүстігіндегі Санта-Катарина штатында алапат дауыл соғып, Шапеко қаласындағы әуежайға айтарлықтай зақым келді. Табиғи апаттың салдары түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, қатты жел әуежай ғимараттарының шатырын ұшырып, терминалдың әйнектерін сындырған. Сондай-ақ металл құрылымдар бүлініп, ұшу-қону жолағына жақын тұрған ұшақтардың бірі зақымданған. Тараған кадрлардан дауылдың әуежай аумағындағы нысандарға елеулі зиян келтіргенін байқауға болады.

Қолайсыз ауа райы әуе қатынасына да әсер етті. Атап айтқанда, Azul Linhas Aéreas әуе компаниясына тиесілі Airbus A320neo ұшағының ұшуына кедергі келтірген. Осы жағдайға байланысты Шапеко әуежайының жұмысы белгісіз мерзімге уақытша тоқтатылды. Қазір мамандар нысанның техникалық жағдайын тексеріп, келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.

Табиғи апат тек әуежайға ғана емес, өңірдегі өзге де елді мекендерге әсер еткен. Санта-Катарина штатының билігі тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4 және 5 қараша күндері мемлекеттік мектептердегі сабақтарды тоқтатқан. Жергілікті өрт сөндіру қызметінің ақпаратына сәйкес, дауыл салдарын жою жұмыстарына 200-ден астам құтқарушы жұмылдырылған. Өңірде қолайсыз ауа райына байланысты кемінде 45 төтенше жағдай тіркелген. Сонымен қатар Шаншере муниципалитетінде күшті жел BR-282 тасжолында келе жатқан жүк көлігі мен пикапты аударып кеткені хабарланды.

Жергілікті билік тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтап, нөсер кезінде шатырға шықпауға, қажетсіз жолға шықпауға және су басу қаупі бар аумақтардан аулақ жүруге кеңес берді.

Әзірге Шапеко әуежайының қашан қайта ашылатыны белгісіз. Жолаушыларға рейстердің мәртебесін әуе компанияларының ресми ақпарат арналары арқылы нақтылау ұсынылды.

Тэгтер:

Бразилия құйын