Аустралияда италиялық бас аспаз пиццаға ананас қосудан бас тартқаннан кейін жұмысынан айырылды. Ол мұндай тағам дайындауды Италияның аспаздық дәстүріне құрметсіздік деп есептеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Аустралиядағы La Costa мейрамханасында болған. Бас аспаз Давид Тамбурелла келушілердің ананас қосылған пиццаға тапсырыс беруіне қарсылық танытқан. Оның пікірінше, ананас дәстүрлі италиялық пиццаның құрамына кірмеуі тиіс.
Мейрамхана қожайыны Эллиот Ингрэмнің айтуынша, келіспеушілік ірі іс-шаралардың бірінде туындаған. Қонақтардың бірі шошқа еті мен ананас қосылған пицца әзірлеуді сұраған.
"Бізге үлкен іс-шараға қонақтар келді, олар 15 мың доллардан астам қаражат жұмсады. Барлық шығынды жапқан адам маған шошқа еті мен ананас қосылған пицца керегін айтты", – деді Ингрэм.
Алайда бас аспаз тапсырысты орындаудан бас тартқан. Мейрамхана иесі клиенттердің қалауын ескеру қызмет көрсету саласындағы басты талаптардың бірі екенін алға тартқан. Оның сөзінше, аталған пицца түрі мейрамхананың негізгі мәзірінде болмаса да, балаларға арналған мәзірде көрсетілген.
Тараптар арасындағы мұндай келіспеушіліктер бірнеше рет қайталанған. Кейін мейрамхана басшылығы Тамбурелламен еңбек қатынасын тоқтату туралы шешім қабылдаған. Аспаз бұл шешіммен келіспей, өзін жұмыстан заңсыз шығарғанын айтып, Аустралияның Әділ еңбек комиссиясына шағым түсірген. Алайда комиссия өкілі Дженнифер Хант өтініш белгіленген мерзімнен кеш берілгенін анықтап, оны қарауға негіз болатын ерекше жағдайлар жоқ деген қорытындыға келген. Ал Тамбурелланың өзі жұмыстан босатылуына тек пиццаға қатысты дау себеп болмағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, бұған дейін ол темір тұтқаға соғылып, оң қолын екі жерден сындырып алған. Аспаз еңбек қатынастарының тоқтатылуын осы жағдаймен де байланыстырады.
Қазіргі уақытта Давид Тамбурелла басқа мейрамханада аспаз болып жұмыс істейді. Ал ол бұрын еңбек еткен La Costa мейрамханасы 20 шілдеде жабылған. Басылым мәліметінше, мекеменің жұмысын тоқтатуына жалға алу ақысына қатысты берешек себеп болған.