Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелері Сыртқы істер министрлігінде талқыланды

Бүгін, 19:48 / Дана Ізтілеуова
Сыртқы істер министрлігі

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен ҚР Сыртқы істер министрлігінің алқа отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Отырыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында қойылған міндеттерді іс жүзінде іске асыру, сондай-ақ Жолдаудың негізгі тезистерін шетелде түсіндіру және ілгерілету жөніндегі ақпараттық-имидждік жұмыстың кешенді жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналды.

Отырысты ашқан ҚР Сыртқы істер министрі биылғы Жолдаудың терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Өйткені ол еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы аталып өтіп жатқан жылы жарияланып, Қазақстанның одан әрі дамуының негізгі бағдарлары мен бағыттарын, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайды.