Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі II Абдалланы Al-Farabi орденімен марапаттады

Бүгін, 18:44 / Дана Ізтілеуова
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Король II Абдалланың елімізге сапарын Қазақстан мен Иорданияның стратегиялық серіктестігі тереңдей түскенінің айқын көрінісі деп атады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Президенттің пайымдауынша, жоғары деңгейдегі қарқынды ықпалдастық ортақ басымдықтарды және екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін ілгерілетуге қолайлы жағдай туғызады.

– Біз Иорданиямен сан қырлы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Еліміз Сізді бүкіл әлемде беделі биік көрнекті әрі көреген көшбасшы ретінде біледі. Сіздің тегеурінді, байыпты басшылығыңызбен Иордания бейбітшілік пен тұрақтылықтың, абырой мен әділеттің мекені, сондай-ақ қарқынды даму үстіндегі инновация мен орнықты өсім орталығы ретінде танылды. Әлемдік қоғамдастық Сіздің ой-пікіріңізге құлақ асады, жаһандық диалогты өрбітуге елеулі түрде ықпал етіп келесіз. «Ақаба процесі» бастамасы Сіздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге әрдайым бейіл екеніңізді анық көрсетеді. Ертең Астанада Иорданиямен бірлесіп осы бастама аясындағы кезекті саммитті өткіземіз. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдің дәйекті қолдауының арқасында екіжақты ынтымақтастық қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелерге ұласқанына назар аударды.

– Бүгінде серіктестігіміз екі мемлекеттің де зор әлеуетін аша отырып, жаңа, перспективті бағыттарда белсенді түрде дамып келеді. Былтыр ұйымдастырылған өзара сапарлар бұған тың серпін берді. Осы оң қарқынды сақтап, ықпалдастықты бұдан да жоғары деңгейге жеткізуге ниеттімін, – деді Президент.


Мемлекет басшысы Король II Абдалланы Қазақстанның жақын досы санайтынын айтты.

– Қазақстан мен Иорданияның арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге Al-Farabi орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл жоғары награданың атауы Шығыстың ұлы ойшылының құрметіне қойылды. Әл-Фарабидің мұрасы қаншама буынды қанаттандырып, адамгершілік шамшырағы болып келеді. Ол саяси ой-сананың, ғылым мен әдебиеттің қалыптасуында баға жетпес тарихи рөл атқарды. Әл-Фараби күллі араб әлемінің жүрегіне жол тапқан ақылдың кені іспеттес. Оның ешқашан өзектілігін жоймайтын даналық, үйлесім және бірлік туралы ұлағатты ойлары – мәдениеттеріміздің ортақ қазынасы. Біз Сіздің осынау ізгі құндылықтарды дәріптеуге қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Аталған мәртебелі марапаттың алғашқы иегері болып отырсыз. Мұны тарихи уақиға деп санаймыз. Осы жоғары награданы Қазақстанның Сізге деген риясыз құрметінің белгісі ретінде қабыл алыңыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.