Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады

Бүгін, 17:29 / Інжу Әлихан
жеке парақшасынан

Футболшы Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. 41 жастағы шабуылшы 23 жыл ойнаған ұлттық құрамасымен қоштасып, жетінші нөмірлі жейдені қайтарып, оны келесі буынға табыстайтын уақыт келгенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол Instagram парақшасында Португалия халқына арнаған үндеуін жариялады. Онда ұлттық құрамадағы басты жетістігі соққан голдары, орнатқан рекордтары мен жеңіп алған жүлделері емес, елінің атынан өнер көрсету мүмкіндігі болғанын атап өтті.

«Өмір бойы әлемнің үздік ойыншысы болу үшін еңбектендім. Ал бүгін әлемдегі ең үздік елдің намысын қорғау құқығына ие болғаным ең үлкен жеңісім екенін түсіндім», – деді Роналду.

Оның айтуынша, жетінші нөмірлі жейде – жеке өзіне тиесілі дүние емес, ұлттық құрама тарихының бір бөлігі. Енді бұл тарихты келесі буын жалғастыруға тиіс.

«Бүгін жейдені келер ұрпаққа табыстайтын сәт келді. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Өйткені кейбір шешімдер ақылмен ғана емес, жүрекпен де қабылданады», – деп жазды футболист.

Роналду жанкүйерлеріне, командаластарына, бапкерлерге, құрама қызметкерлеріне және отбасына алғыс білдірді. Ол матч алдында әнұран шырқалған сәттердің жадында ерекше сақталатынын жеткізді. Сол минуттарда футболшылар мен жанкүйерлерді туған елге деген ортақ сүйіспеншілік біріктіргенін атап өтті.

«Бүгін ұлттық құрама сапындағы жолым аяқталады. Өткен жолымды мақтан тұтып, басымды тік ұстап кетіп барамын. Португалия үшін барымды бергендіктен, ар-ұжданым таза», – деді ол.

Айта кетейік, Роналду Португалияның ересектер құрамасындағы алғашқы матчын 2003 жылы Қазақстанға қарсы өткізді. Ұлттық құрама сапында барлығы 234 матчқа қатысып, 146 гол соқты. Бұл екі көрсеткіш те ерлер футболында ұлттық құрамалар деңгейіндегі әлемдік рекорд саналады.

Шабуылшы Португалия құрамасымен бірге 2016 жылы Еуропа чемпионы атанды. Сондай-ақ 2019 және 2025 жылдары Ұлттар лигасында жеңіске жетті. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында алты әлем біріншілігінде гол соққан алғашқы футболшы болды.

Роналдудың ұлттық құрамадағы соңғы ойыны 24 қыркүйекте Ұлттар лигасы аясында Уэльске қарсы өтті. Ол алаңға негізгі құрамда шығып, 67 минут ойнады. Кездесу Португалияның 1:0 есебімен жеңісімен аяқталды.

Тэгтер:

Криштиану Роналду