Францияда жаппай наразылықтың екінші толқыны басталады

Бүгін, 17:55 / Алуа Арман
Фото: sortiraparis.com

Францияның бес ірі кәсіподақ бірлестігі – CFDT, CGT, FO, UNSA және FSU мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлерін, зейнеткерлер мен жастарды көшеге шығуға шақырмақ. Олар 2027 жылға арналған бюджет жобасына, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын «қатыруға» және халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне қарсылық білдіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

CGT кәсіподағының мәліметінше, елдің 165 қаласында 250-ден астам наразылық акциясы жоспарланған. Билік өкілдері Парижді есептемегенде, аймақтардағы шерулерге 500-700 мың адам қатысады деп болжап отыр.

Ішкі істер министрі Лоран Нуньес шамамен 70 мың полиция қызметкері мен жандармды жұмылдыру туралы мәлімдеді. Ол ықтимал тәртіпсіздіктерге «өте қатаң» жауап берілетінін ескертті. Билік 17 қазандағы наразылық акциялары кезінде болған ірі қақтығыстар мен тонау оқиғаларын да ескеріп отыр.

Парижде полиция префектурасы Бастилия алаңынан Конкорд алаңына дейінгі бағыттағы шеруге тыйым салды. Әкімшілік сот оның орнына Республика алаңынан Ұлт алаңына дейін Вольтер бульвары арқылы өтетін балама бағытты бекітті. Шеру шамамен сағат 14:00-ден 19:00-ге дейін жалғасады. Қауіпсіздік мақсатында метро станцияларының бір бөлігі сағат 11:00-ден бастап жабылады.

SNCF теміржол операторының төрт ірі кәсіподағы (CGT-Cheminots, UNSA-Ferroviaire, SUD-Rail және CFDT-Cheminots) бірлескен ереуіл жариялады. Ұлттық теміржол компаниясы жоғары жылдамдықты TGV пойыздарының қозғалысында «аздаған іркілістер» болады деп болжап отыр. Атап айтқанда, әрбір он пойыздың шамамен біреуі тоқтатылуы мүмкін. Ал Intercités, аймақтық TER және Иль-де-Франс бағыттарында қозғалыс бұзылып, кейбір желілерде елеулі іркілістер болуы ықтимал.

Париж аймағында ең көп зардап шеккен бағыттар – RER қала маңындағы электр пойыздары. Атап айтқанда, «B» желісінде (солтүстік бағытта, Шарль-де-Голль әуежайына дейін) пойыздардың жартысы ғана қатынайды. «C» желісінде де әрбір екі пойыздың біреуі жүреді. Ал «D» желісінде әрбір үш пойыздың біреуі ғана қатынайды. RER-дің «A» желісі мен Париж метросының RATP желілері негізінен қалыпты жұмыс істеп тұр. Дегенмен, шеруге байланысты кейбір станциялар жабылады.

Францияның басқа қалаларындағы жағдай әртүрлі. Лионда метроның B, C және D желілері, сондай-ақ фуникулерлер толық тоқтатылған. Марсельде автобустардың шамамен 50 пайызы, трамвайлардың 70 пайызы қатынап жатыр. Страсбург, Бордо, Нант және басқа да ірі қалаларда қоғамдық көлік қозғалысы қысқарады деп күтілуде.

Елдің авиациялық билік органдары (DGAC) Шарль-де-Голль және Орли әуежайларындағы бүгінгі рейстер кестесін қысқартуды әуе компанияларынан талап еткен жоқ. Себебі диспетчерлердің негізгі кәсіподағы SNCTA ереуілге қатыспайды. Алайда жерүсті қызметкерлерінің наразылығына байланысты рейстер кешігуі мүмкін. Сонымен қатар теміржол қозғалысындағы іркілістер әуежайларға жетуді қиындатады.

Ұлттық білім министрлігінің бағалауынша, бастауыш мектеп мұғалімдерінің шамамен 17,5 пайызы ереуілге қатысады. Сен-Сен-Дени, Иль-э-Вилен және басқа да жекелеген департаменттерде кәсіподақтар митингілерге қатысушылар саны бұдан да көп болады деп күтеді. Көптеген муниципалитеттерде мектеп асханалары мен ұзартылған күн топтары жұмыс істемейді. Мысалы, Страсбургтегі барлық муниципалдық мектеп асханалары жабылады. Ереуілге жекеменшік білім беру ұйымдарының кәсіподақтары да қосылды.

Наразылық акциялары ұлттық пошта қызметіне, энергетика саласына (EDF), ауруханалар мен мемлекеттік мекемелердің жұмысына да әсер етеді. Ереуілге қатысушылардың нақты саны күн ішінде белгілі болады.

Алдағы акция қыркүйек-қазан айларында басталған әлеуметтік наразылықтардың жалғасы болмақ. Бұған дейін бұл қозғалысқа лицей оқушылары, студенттер мен «сары кеудешелілер» де қосылған еді.

Тэгтер:

Франция наразылық толқу ереуіл