Жолдау-2026: Құрылтайда кәсіпкерлерге қаржы тартудың жаңа мүмкіндіктері қаралды

Бүгін, 17:06 / Дана Ізтілеуова
Фото: Мағжан Молдахмет

Астанада Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Ольга Перепечинаның төрағалығымен өткен жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттер аясында бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктерді, халықаралық қаржы ұйымдарын, даму институттарын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын белсенді тарту туралы сөз қозғалды.

 «Шағын және орта бизнеске арналған жаңа кредиттік өнімдер мен қаржыландыру тетіктерін әзірлеу қажет. Бұл кәсіпкерлердің бизнесін кеңейтуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуына және қосылған құн қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық экономика министрлігі бизнес пен қаржы ұйымдарының өзара тиімді жұмыс істеуі үшін қандай жағдай жасайтыны маңызды. Жаһандық цифрландыру жағдайында капитал нарығының жаңа құралдарын енгізу – маңызды міндеттердің бірі.

Бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі капитал нарығы туралы әзірленіп жатқан заң жобасының негізгі ережелерін таныстырды. Онда отандық компаниялардың банктер мен даму институттарынан бөлек, акциялар мен облигациялар шығару арқылы азаматтардың қаражатын тарту мүмкіндіктерін қарастыру көзделіп отыр», – дейді Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі  Гүлназ Атамқұлова .

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың маңызына тоқталып, банк секторының дамуы мен кредиттеу көлемінің өсімі туралы мәліметтерді ұсынды.

«Экономикалық өсуді қамтамасыз ету, жаңа өндіріс орындарын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту үшін экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыру маңызды. Банктік кредиттеумен қатар, капитал нарығы да экономиканың нақты секторын ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерінің бірі болуға тиіс.

Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторына бағыттау міндетін қойды. Президент банктердің, даму институттары мен халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімді кредиттеудің жаңа тетіктерін іске қосуды тапсырды.

Банк секторы тұрақты дамып келеді. Биылғы тоғыз айда банктердің активтері 8,6%-ға өсіп, 76,8 трлн теңгеге жетті. Проблемалық кредиттердің үлесі жалпы кредиттік портфельдің – 3,9%.

Банктер экономиканы кредиттеу көлемін де арттырып жатыр. Өткен жылы өсім 19,1% болса, биылғы тоғыз айда экономикаға берілген кредиттер көлемі 7,2%-ға ұлғайып, 43,1 трлн теңгеге жетті», – дейді М. Әбілқасымова.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқасының Төрағасы Қанат Шарлапаев шағын және орта бизнестің капитал нарығына қолжетімділігін кеңейту мәселесіне тоқталды.

«Біз капитал нарығына шағын бизнес өкілдерінің қолжетімділігін кеңейттік. Негізгі міндет – нарықтағы ережелерді барынша ашық әрі түсінікті ету. Бұл банктердегі депозиттік қаражатты ұзақ мерзімді жобалар мен бизнесті қаржыландыру құралдарына бағыттауға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында орта бизнес экономикалық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналуға тиіс екенін атап өтті. Орта бизнес негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлеміне елеулі үлес қосып отыр», – дейді Қ. Шарлапаев.

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) Басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова елімізде капитал нарығын дамыту, кәсіпорындарды қор биржасы арқылы қаржы тартуға ынталандыру және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту жөнінде сөз қозғады.

«Мемлекет басшысы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа жолдаған Жолдауында жеке кәсіпорындарды, биржалық құралдарды пайдалануға ынталандырудың маңызын атап өтті.

Өткен жылдың соңында капитал үшін жаһандық бәсекелестік күшейген жағдайда жаңа инвестициялық циклді бастау міндеті қойылды. Бұл ретте ірі компаниялармен ғана емес, орта және шағын кәсіпорындармен де жұмыс істеу қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жүргізіп жатқан капитал нарығын реттеу реформасы аясында биржалық инфрақұрылымның мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейіп келеді», – дейді А. Ысқақова.

Мағжан МОЛДАХМЕТ