Құрылтай депутаттары Павлодар тұрғындарымен кездесіп, Жолдаудағы бастамаларды түсіндірді

Бүгін, 15:40 / Алуа Арман

5 қарашада Павлодар облысында Құрылтай депутаттары мен орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің өңірдегі түрлі әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерімен ақпараттық-түсіндіру кездесулері өтуде. Іс-шараларға Құрылтай депутаттары Илья Теренченко, Жарқынбек Амантай, Халық кеңесінің мүшесі Вера Ким, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Кузенбаев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Ильяс Бакытжан қатысуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесулер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған.

Жұмыс бағдарламасы аясында Торайғыров университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттерімен, сондай-ақ «Қазақстан алюминийі» АҚ еңбек ұжымымен алғашқы кездесулер өтті.

Кездесулер барысында Құрылтай депутаттары мен орталық мемлекеттік органдар өкілдері Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттерді, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын, алдағы өзгерістерді және қойылған мақсаттарды іске асырудағы азаматтардың рөлін түсіндірді.

Адами капиталды дамыту, білім беру, білікті кадрлар даярлау, еңбек өнімділігін арттыру, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетика саласын дамыту, халықты әлеуметтік қорғау және заманауи технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

- Президент Жолдауын іске асырудағы әрбір азаматтың өз рөлін түсінуі маңызды. Құрылыс саласын дамыту – бұл тек жаңа нысандар салу ғана емес, сонымен қатар кәсіпорындардың ашылуы, жаңа жұмыс орындарының құрылуы және бизнес үшін мүмкіндіктердің кеңеюі. Әсіресе техникалық білім алып жатқан жастар үшін үлкен перспективалар ашылады, - деді Илья Теренченко.

Студенттерге алдағы жылдары білікті мамандарға деген сұраныс арта түсетіні, ал кәсіби дағдылар мен құзыреттер табысты жұмысқа орналасудың маңызды шарттарына айналатыны айтылды. Кездесу барысында жоғары оқу орындарының мемлекеттік міндеттерді іске асырудағы рөлі де талқыланды.

Қатысушылар Мемлекет басшысы алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мемлекеттік органдардың, білім беру мекемелерінің, бизнестің және азаматтық қоғамның бірлескен жұмысы арқылы мүмкін болатынын атап өтті.

Университет студенттері мен оқытушылары мемлекеттік органдар өкілдері мен Құрылтай депутаттарына өздерін толғандырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Талқылау барысында жас мамандарды жұмысқа орналастыру перспективалары, техникалық мамандықтарға сұраныс, құрылыс және энергетика салаларын дамыту, сондай-ақ мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы алдағы өзгерістер мәселелері көтерілді.

Торайғыров университетінің төртінші курс студенті Саят Ергешбаев Жолдауда жастар үшін маңызды мәселелер, соның ішінде білім беру сапасы, кәсіби даму және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту бағыттары қамтылғанын атап өтті.

«Біз, студенттер үшін, еліміздің алдында қандай міндеттер тұрғанын және жас ұрпаққа қандай мүмкіндіктер ашылатынын түсіну маңызды. Жолдауда біздің болашағымызға, білім алуымызға және кәсіби қалыптасуымызға тікелей қатысты бағыттар айқындалған», – деді Саят.

Өз пікірін «Қазақстан алюминийі» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі менеджері, еңбек ұжымының өкілі Нұрсұлтан Есембаев та білдірді. Ол өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту және қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мәселелерінің маңыздылығына тоқталды.

- Президент: «Күшті қалалар мен аудандар – қуатты өңірдің негізі. Ал қуатты өңір – қуатты мемлекеттің тірегі» деп атап өтті. Менің түсінуімше, бұл ең алдымен инфрақұрылымды дамытуды білдіреді. Ал Құрылыс жылының жариялануы инфрақұрылымды дамытумен қатар, еліміздің барлық азаматтарының жалпы әл-ауқатының да артуына ықпал етуі тиіс, – деді Нұрсұлтан.

Өндірісті алдағы уақытта жаңғырту мәселесіне «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ баптау және сынау инженері Айгерім Темірбаева да назар аударды.

- Мен зауытта төрт жылдан бері жұмыс істеймін және еліміз үшін маңызды қарапайым жұмысшылардың күн сайын аянбай еңбек етіп жүргенін көріп келемін. Мемлекет басшысының Жолдауында отандық өнеркәсіпті дамыту, өндірісті жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне ерекше назар аудардым. Менің ойымша, бұл – еліміздің болашағы үшін аса маңызды бағыттар, - деді Айгерім.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Павлодар облысының түрлі әлеуметтік және кәсіби топтарын қамтиды. Күн ішінде кездесулер Екібастұз және Ақсу қалаларында да жалғасады. Онда Құрылтай депутаттары мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, Президент Жолдауының негізгі бағыттарын талқылайды.

Тэгтер:

жолдау