Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің саны артады

Бүгін, 14:04 / Інжу Әлихан
Көлік министрлігі

Ташкент қаласында өтіп жатқан «Қытай – Орталық Азия» (C5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы конференциясы аясында ағымдағы жылдың 4 қарашасында Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының авиациялық билік органдары арасында екіжақты келіссөздер өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан делегациясын Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарды. Қытай тарапынан келіссөздерге Қытай Азаматтық авиация әкімшілігі (CAAC) бас директорының орынбасары Бай Вэньли қатысты.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық әуе қатынасын одан әрі кеңейту перспективаларын, оның ішінде тұрақты рейстер санын арттыру және ұшу бағыттарының географиясын кеңейту мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша аптасына рұқсат етілген әуе рейстерінің санын 150-ден 180-ге дейін арттыру, сондай-ақ маршруттық желіге Қытайдың тағы екі қаласы – Чэнду мен Қашғарды қосу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру екі елдің әуе компаниялары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, тікелей әуе рейстерінің қолжетімділігін арттыруға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және транзиттік тасымал мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және екі ел арасындағы әуе қатынасын жүйелі түрде дамытуға мүдделі екендіктерін растады.

Қазақстан мен Қытай азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді. Жолаушылар ағынының артуы, сондай-ақ іскерлік және туристік байланыстардың жандануы екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашуда.