Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасында 2036 жылға дейін биотехнологияларды дамытудың перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиында министрлік өкілдері, жетекші ғалымдар, сарапшылар мен өндіріс көшбасшылары саланы өркендету және бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлаудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шараны ашқан Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова биотехнологияның отандық экономикадағы стратегиялық рөліне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыт – елдің технологиялық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін және жаңа жұмыс орындарын ашатын басты қозғаушы күштердің бірі.
«Жоғары білім беру жүйесінің басты міндеті – білім беру бағдарламаларының санында емес, түлектердің заманауи биотехнологиялық шешімдерді өндіріске енгізе алуында. Ғылыми зерттеу нәтижелерін нақты өнімге айналдырып, оны өнеркәсіптік деңгейге жеткізе білуіміз қажет», – деді вице-министр.
Сонымен қатар ол ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдететін жаңа ұлттық стандарттың маңыздылығын атап өтті.
Жиын барысында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқу орнының Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева оқып берді. Университет басшысы өз құттықтауында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық әлеуетіне кеңінен тоқталды.
ҚазҰУ-да 2020 жылдан бері 76 биотехнологиялық жоба жүзеге асырылса, оның 15-і – жас ғалымдардың бастамасы. Ал 2023-2026 жылдар аралығында университеттің ғылыми инфрақұрылымы кеңейіп, 11 жаңа орталық пен зертхана, соның ішінде заманауи Ми институты және Farabi AI in Healthcare & Life Sciences зертханасы ашылды.
«Қыркүйек айында Биоэнергетикалық технологиялар орталығы мен Популяциялық денсаулық және деректерді талдау орталығы жұмысын бастады. Биология және биотехнология факультетінде барлығы 37 зертхана мен ғылыми орталық бар. Бүгінгі іс-шара аясында тағы екі зертхананың ашылуы жоспарланып отыр», – делінген хатта.
Пленарлық отырыста елдің жетекші ғалымдары мен сарапшылары баяндама жасады. Олардың қатарында Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, ҚР ҰҒА академигі Вячеслав Локшин, Ұлттық биотехнология орталығының бас директорының міндетін атқарушы, профессор Юрий Скиба, ҚазҰУ Биотехнология кафедрасының профессор-зерттеушісі Ирина Савицкая, ҚазҰУ Халықаралық ислам ғылымы және инновациялар орталығының директоры, PhD, профессор Нұралы Әкімбеков және басқа да ғалымдар бар.
Форум аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Орталық Азия биотехнологиялар қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және технологиялар трансферін дамытуға жол ашады.
Іс-шара аясында биотехнологиялық компаниялардың көрмесі ұйымдастырылды. Онда заманауи ғылыми әзірлемелер мен технологиялық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды.