Павлодарда жанжал шығарған азамат 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды

Бүгін, 11:48 / Інжу Әлихан
Polisia.kz

Павлодарда полиция отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекетке жол берген азаматқа қатысты тиісті шаралар қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Анықталғандай, ер адам алкогольдік масаң күйде бірге тұратын әйелмен жанжалдасып, оған балағат сөздер айтқан және отбасының тыныштығын бұзған. Оқиғадан кейін әйел полиция көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Жиналған материалдар негізінде Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азаматты отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы адамдарға құрметсіздік білдіретін, атап айтқанда, балағат сөздер айту, қорлай тиісу және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Сот шешімімен оған 40 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар бір жыл мерзімге мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынды.

Сондай-ақ азамат учаскелік полиция пунктіне айына екі рет келіп белгіленуге және тұрғылықты жері бойынша психологиялық көмек алуға міндеттелді.

Полиция отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің кез келген көрінісі назардан тыс қалмайтынын ескертеді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар тұрақты негізде жалғасуда.