Көкшетау қалалық сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде, бірнеше рет иемденіп алу, ресми құжатты қолдан жасау, көрінеу жалған құжатты пайдалану айыптары бойынша ЖШС директоры М-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2021 жылдың желтоқсанында М. Көкшетау қаласының құрылыс бөлімімен екі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау бойынша жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы 618 млн. және 634 млн. теңге сомасына келісім шарттар жасасқан. Пәтерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға арналған.
2022 жылдың мамырында М. нысандардың бірі бойынша 55 млн.теңге алғанымен, құрылыс жұмыстарын бастамаған.
Сол кезеңде М. екінші нысан бойынша жалған құжаттар негізінде аванс ретінде 225 млн.теңге алған. ЖШС жұмыстарды ішінара орындап, орындалған жұмыстардың актілерін ұсынған.
Алайда игерілмеген аванс сомасы 156 млн.теңгені құраған.
2023 жылы М. аванс мөлшерін ұлғайту мақсатында құрылыс бөліміне жалған құжаттар ұсынып, қосымша аванс алған.
2023 жылдың шілдесінде М. екінші нысан бойынша құрылыс жұмыстарын орындауды тоқтатқан. Ал алынған ақшалай қаражатты ЖШС-нің берешектерін өтеуге және жеке қажеттіліктеріне жұмсаған (олардың бір бөлігін Ақтау қаласындағы өзге міндеттемелер бойынша контрагенттер алдындағы берешектерді өтеуге аударып, қалған бөлігін қолма-қол ақшаға айналдырған). Осылайша, ол бюджет қаражатын жымқырған.
Құрылыс бөліміне, яғни мемлекетке, жалпы сомасы 211 млн.теңге материалдық залал келтірілген.
Аванс сомаларын өндіріп алу және ЖШС-ні мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шығарылған сот шешімдері бар болғандықтан, азаматтық талап қойылмады.
Сот үкімімен М. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру тағайындалды. Сондай-ақ барлық меншік нысанындағы ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 8 жылға айырылды.
ҚК-нің 385-бабының 3-бөлігі бойынша М. кінәлі деп танылып, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
Ал ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігі бойынша кінәсі дәлелденбеуіне байланысты кінәсіз деп танылып, ақталды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.