Астана тұрғындарына газдан улану мен өрттің алдын алу жолдары түсіндірілді

Бүгін, 10:44 / Інжу Әлихан
астана

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елордалық құтқарушылар жылыту маусымында тұрғындарға газдан улану мен өрттің алдын алу шараларын еске салды. Мамандар көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктерін, сондай-ақ түтін хабарлағыштарын орнатып, оларды дұрыс пайдаланудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әкімдіктің мәліметінше, мамандар құрылғылардың жұмысын жүйелі түрде тексеріп, батареяларының жарамдылығын бақылауды және қажет болған жағдайда уақытылы ауыстыруды ұсынады. Сонымен қатар өрт және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтап, желдету жүйесі мен газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалау қажет.

Газ датчигі іске қосылған жағдайда, үй-жайдан дереу шығып, электр құрылғыларын қосуға және ашық отты пайдалануға тыйым салынады. Оқиға туралы қауіпсіз жерге шыққаннан кейін 104 немесе 112 нөміріне хабарлау қажет.

Өрт шыққан жағдайда ғимараттан тез арада эвакуацияланып, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керек.

Құтқарушылардың айтуынша, жарамды газ датчиктері мен түтін хабарлағыштары тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты – Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Тэгтер:

Астана газ құтқарушылар Заң мен Тәртіп түтін датчик