Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласына қатысты сот үкімі шықты. Үшеуі де адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған бопсалау қылмысы үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Kazinform мәліметіншн, үкімді Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Асхат Есенов жариялады. Сотталушылар қатарында Асқат Балқыбаевпен бірге Ахмадали Сайдахметов пен Алихан Серік болды.
Сот анықтағандай, блогер Instagram, TikTok және YouTube әлеуметтік желілерінде мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлерінің заңбұзушылықтары туралы материалдар жариялап келген. Оның Instagram парақшасына шамамен 146 мың адам жазылған.
Сот мәліметінше, сотталушылар блогердің әлеуметтік желідегі танымалдылығын адамдарға қысым көрсету және әшкерелейтін материалдарды жариялаймыз деп қорқыту мақсатында пайдаланған.
Іс аясында Шымкент қаласының екі патрульдік полиция қызметкеріне қатысты бопсалау дерегі қаралды. 23 маусым күні таңертеңгі уақытта түнгі кезекшілік кезінде қызметтік көлікте отырған полицейлер видеоға түсірілген. Сот анықтағандай, түсірілім жүргізген азамат сотталушылардың қылмыстық ниетінен хабарсыз болған.
Кейін бейнежазба олардың сыбайластарының қолына түскен. Олар видеоны Балқыбаевтың парақшасына жариялаймыз деп қорқытып, полицейлерден ақша талап еткен. Ақшаны беру мерзіміне қарай талап етілген сома 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін болған.
Қорқытудың шын мәнінде екенін көрсету мақсатында блогердің парақшасында полицейлер бейнеленген видеоның бір кадры «Екеуі бірден, это как» деген кекесінді жазбамен жарияланған. Кейін Балқыбаев делдалмен кездесіп, 500 мың теңге талап еткен. Сонымен қатар ол Сайдахметовтің танысын мас күйінде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатуға көмектесуді көздеген.
Жәбірленушілердің арызынан кейін құқық қорғау органдары жасырын тергеу әрекеттерін жүргізген. Сот анықтаған деректерге сәйкес, 1 шілдеде Балқыбаев делдал арқылы 500 мың теңге алған.
Бұдан бөлек, іс бойынша тағы бір бопсалау дерегі қаралды. Үш азамат мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні әкімшілік жауапкершіліктен құтқаруға уәде беріп, одан 1 млн теңге алған. Алғашында 300 мың теңге, кейін тағы 700 мың теңге берілген.
Алайда олар уәделерін орындамаған. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін берген ақшасының бір бөлігі қайтарылған.
Сот отырысында айыпталушылар кінәларын ішінара мойындағанымен, бопсалау деректеріне қатысты айыптаулармен келіспеді. Балқыбаев полицейлерді видеоға түсіруге тапсырма бермегенін және бастапқыда жарияламау үшін ақша талап ету ниеті болмағанын айтты. Қалған екі сотталушы да тағылған айыптардың бір бөлігін жоққа шығарды.
Жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарын, әңгімелердің аудиожазбаларын, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері мен сараптама қорытындыларын зерделеген сот ер адамдардың алдын ала келісіп, әрқайсысы өзара рөлдерді бөлісіп әрекет еткен деген қорытындыға келді.
Осылайша, үшеуі де ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған бопсалау қылмысы үшін кінәлі деп танылды.
Бұған дейін сотталушыларға алаяқтық жасады деген айып та тағылған. Алайда жәбірленушілермен татуласуына байланысты бұл эпизодтар бойынша қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 68-бабы негізінде тоқтатылды. Аталған айыптар бойынша бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмады.
Жаза тағайындау кезінде сот әр сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерді. Сонымен қатар жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Соған қарамастан сот нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды қажет деп тапты.
Асқат Балқыбаев, Ахмадали Сайдахметов және Алихан Серік орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде 4 жыл 6 ай жазасын өтейді. Сот мүлкін тәркілеуге негіз жоқ деп танып, бұл жазаны қолданбады.
Бұдан бөлек, сотталғандардың әрқайсысына бес жыл мерзімге медиа саласында қызмет атқаруға тыйым салынды. Мұндай шешім қабылдауға қылмыс жасау кезінде әлеуметтік желілердің пайдаланылғаны негіз болған.
Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін үшеуі де қамауда болады. 2026 жылғы 2 шілдеден бастап қамауда отырған уақыты жаза мерзіміне бір күнге бір жарым күн есебімен есептеледі.
Сот екі патрульдік полиция қызметкерінің азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Әр жәбірленушіге моральдық зиян үшін 1,5 млн теңгеден өтемақы тағайындалды. Жалпы сомасы 3 млн теңге сотталғандардан ортақ тәртіппен өндірілетін болды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады.
Еске салайық, шілде айының басында Шымкент қалалық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жергілікті блогер мен оның сыбайластарын ұстаған еді. Олар беделге нұқсан келтіретін бейнежазбаларды жариялаймыз деп қорқытып, ақша бопсалады деген күдікке ілінген. Күдіктілер қоғамдық бақылау жүргізу желеуімен түрлі заңбұзушылықтарды бейнежазбаға түсіріп, кейін бұл материалдарды азаматтарға қысым көрсету үшін пайдаланған.