Жасөспірімдер жеткілікті қимылдамайды – ДДҰ дабыл қақты

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат

Әлемдегі әрбір төртінші жасөспірім аптасына бір күн болсын жеткілікті физикалық белсенділік көрсетпейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) жаңа зерттеуіне сәйкес, бұл – шамамен 240 миллион бала мен жасөспірім. Ең алаңдатарлығы – кейінгі 15 жылда бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеу нәтижелері 4 қарашада The Lancet Global Health ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар әлемнің 140 елінде жүргізілген 389 сауалнаманың деректерін талдаған. Зерттеуге 11-17 жас аралығындағы 3,2 миллионнан астам жасөспірімнің мәліметі енгізілген.

Нәтижесінде 2025 жылы әлем бойынша жасөспірімдер аптасына орта есеппен небәрі 2,7 күн жеткілікті қозғалғаны анықталды. Ал күн сайын физикалық белсенділік нормасын орындайтындардың үлесі 14%-ды ғана болған.

ДДҰ ұсынымына сәйкес, жасөспірімдер күн сайын кемінде 60 минут орташа немесе жоғары қарқынды физикалық белсенділікпен айналысуы керек. Бұған спортпен шұғылдану ғана емес, жылдам жүру, велосипед тебу, белсенді ойындар мен басқа да қимыл-қозғалыс түрлері жатады.

Зерттеуде «белсенді күн» деп жасөспірімнің кемінде 60 минут қозғалған күні есептелген. Сондықтан аптасына бірде-бір белсенді күні жоқ жасөспірімдер мүлде қимылдамайды деген сөз емес. Олар осы күндердің ешқайсысында ұсынылған 60 минуттық межеге жетпеген.

Ғалымдар қыздардың ұлдарға қарағанда аз қозғалатынын да анықтады. 2025 жылы ұлдар аптасына орта есеппен үш күн, ал қыздар 2,4 күн жеткілікті физикалық белсенділік танытқан. Қыздардың 28%-ы бірде-бір күн 60 минуттық межеге жетпесе, ұлдар арасында бұл көрсеткіш 22% болған. Оның үстіне қыздардың жасы ұлғайған сайын физикалық белсенділігі төмендей түседі.

Елдер арасындағы айырмашылық та айтарлықтай. Мәселен, Финляндия, Канада және Сербия жасөспірімдері аптасына орта есеппен 4,5–4,8 күн белсенді болған. Ал Камбоджа, Иордания және Мадагаскарда бұл көрсеткіш небәрі 1,7-1,9 күнді құраған.

Зерттеушілер мұндай айырмашылықты елдердің экономикалық мүмкіндіктерімен, спорт инфрақұрылымымен және қоғамдық орындардың қолжетімділігімен байланыстырады. Табысы жоғары мемлекеттерде балалардың қауіпсіз серуендеуіне, велосипед тебуіне және спортпен айналысуына жағдай көбірек жасалған.

Ал кейбір елдерде қыздардың спортпен шұғылдануына қоғамдық көзқарас, қауіпсіздік мәселелері және қолайлы спорттық бағдарламалардың жетіспеуі кедергі келтіреді.

«Кейінгі 15 жылда әлем жасөспірімдердің физикалық белсенділігін арттыруда іс жүзінде ілгерілей алмады. Әсіресе қыздардың жағдайы алаңдатады», – деді ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Оның айтуынша, мәселені шешу үшін жасөспірімдерге көбірек қозғалу керектігін айтумен шектелуге болмайды. Мектептерде, көшелерде және қоғамдық орындарда спортпен айналысу мен белсенді демалысқа қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау қажет.

Дене белсенділігінің жеткіліксіздігі жүрек-қан тамырлары ауруларының, екінші типті диабеттің және қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің даму қаупін арттырады. Ал жасөспірім шақта қалыптасқан белсенді өмір салты адамның ересек өміріндегі денсаулығына да әсер етеді.

ДДҰ 2030 жылға қарай физикалық белсенділігі жеткіліксіз жасөспірімдердің үлесін 2010 жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендетуді мақсат еткен. Алайда жаңа зерттеу бойынша, қазіргі қарқынмен әлемнің бірде-бір елі немесе өңірі бұл межеден алыс.

Тэгтер:

қозғалыс жасөспірімдер дене шынықтыру