Ажырасқан ер адам мысығын көру үшін бұрынғы әйелін сотқа берді
Нидерландта ажырасқан ер адам бұрынғы жұбайымен ортақ асыраған мысығын бөлісе алмай, сотқа жүгінді. Ол үй жануарын белгілі бір күндері өзіне алып кетуге рұқсат беруді талап еткен. Алайда сот ер адамның өтінішін қанағаттандырмады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Амстердам қаласында болған. Ерлі-зайыпты 2020 жылдың тамызында шаңырақ көтеріп, бірге мысық асыраған. Олардың ортақ балалары болмаған.
Кейін отбасылық өмірлері сәтсіз аяқталып, ажырасу туралы шешім қабылдаған. Алайда екі тараптың арасындағы келіспеушілік үй жануарына қатысты да туындаған.
Ажырасқаннан кейін мысық әйелдің қарауында қалған. Бірақ бұрынғы күйеуі жануармен байланысын үзгісі келмей, сотқа жүгінген. Ер адам мысықты апта сайын демалыс күндері немесе кезекпен бір апта бойы өз үйінде ұстауға мүмкіндік беретін кесте бекітуді сұраған.
Алайда бұрынғы әйелі бұл талапқа келіспеген.
Оның айтуынша, мысық қартайған және бірнеше созылмалы ауруға шалдыққан. Сондықтан жануарға тұрақты күтім, дәрі-дәрмек және ветеринарлық бақылау қажет.
Әйел бұрынғы күйеуі бөлек көшіп кеткеннен бері мысықтың жағдайын сұрамағанын әрі емдеу шығындарына көмектеспегенін де алға тартқан.
Сот тараптардың уәждерін тыңдап, ер адамның талабын қанағаттандырмады. Белгілі болғандай, Нидерланд заңнамасында ажырасқан адамдардың үй жануарымен кездесуі үшін арнайы кесте бекіту тәртібі қарастырылмаған.
Осыған байланысты мысық бұрынғы иесінің, яғни әйелдің қарауында қалды.
Бұдан бөлек, сот ерлі-зайыптылардың ортақ баспанасында әйелдің тұруына рұқсат беріп, ер адамды үйден кетуге және оған бармауға міндеттеді.