Астанада заңсыз әрекет жасаған 19 жастағы жүргізуші көлігінен айырылып қалды

4 қараша, 2026 / Жамбыл Жайлау
instagram.com/police__astana

Астанада көлігіне заңсыз арнайы жарық және дыбыс сигналдарын орнатқан 19 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде Changan UNI-V маркалы автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көлікке тиісті рұқсатсыз арнайы жарық және дыбыс сигналдарын беретін құрылғылар орнатылғаны анықталған.

Полицейлер жүргізушінің небәрі 19 жаста екенін анықтады.

"Көлік құралын тексеру кезінде арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беретін құрылғының тиісті рұқсатсыз орнатылғаны белгілі болды. Сонымен қатар көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу деректері анықталды", – делінген полиция хабарламасында.

Осыған байланысты жас жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал Changan UNI-V автокөлігі коммуналдық тұраққа қойылды.

Арнайы жарық және дыбыс сигналдарын пайдалануға Қазақстанда тек заңнамада көзделген жағдайларда рұқсат етіледі. Мұндай құрылғыларды рұқсатсыз орнату жол қозғалысына қатысушыларды жаңылыстырып, қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін. Елордалық полиция жүргізушілерді көлік құралдарын пайдалану талаптарын сақтауға шақырады.

Тэгтер:

Астана