Англияның «Хендон» клубының жартылай қорғаушысы Эзекиль Уильямс 26 жасында қайтыс болды. Кейін полиция футболшының шабуыл салдарынан ауыр жарақат алғанын анықтап, кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу бастады. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен үш адам ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Эзекиль Уильямс 2 қарашада ауруханада көз жұмған. Оның қайтыс болғанын «Хендон» футбол клубы 3 қарашада ресми түрде хабарлады. Клуб мәлімдемесінде спортшының кенеттен өмірден өтуі бүкіл ұжым үшін ауыр соққы болғаны айтылды.
Темза алқабы полициясының 4 қарашада жариялаған мәліметінше, оқиға 1 қарашаға қараған түні Милтон-Кинс қаласында болған. Түнгі сағат 01:50 шамасында полицияға Мидсаммер бульварында ер адамның соққыға жығылғаны туралы хабар түскен. Оқиға кезінде ауыр жарақат алған Уильямс ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, футболшы 2 қарашада қайтыс болды. Құқық қорғау органдары марқұмның жеке басын ресми түрде анықтап, қылмыстық тергеу бастаған.
Полиция мәліметінше, қылмысқа байланысты Лутон қаласының үш тұрғыны ұсталған. 21 және 28 жастағы екі ер адам кісі өлтірді деген күдікке ілінген. Ал 30 жастағы тағы бір азамат қылмыс жасаған адамға көмектесті деген күдікпен ұсталды. Қазіргі уақытта тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Полиция жергілікті тұрғындардан оқиға болған уақыттағы бейнебақылау камералары мен автокөлік тіркеуіштерінің жазбаларын ұсынуды сұрады.
Эзекиль Уильямс «Хендон» клубына биыл қыркүйекте қосылған. Клубтың мәліметінше, ол қысқа уақыт ішінде командаластарының құрметіне бөленіп, негізгі құрамдағы орны үшін күресе бастаған. Қайтыс боларынан небәрі он күн бұрын футболшы «Джерси Буллзға» қарсы кездесуде жаңа клубындағы алғашқы голын соққан.
"Ол қарапайым, кеңпейіл әрі әзілқой адам еді. Эзекиль қысқа уақыт ішінде команданың сүйікті ойыншыларының біріне айналды", – делінген клубтың көңіл айту хабарламасында.