Жаңа әлеуметтік нысандар салу, шаруаларға қолжетімді несие беру және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын іске асыруға арналған кездесудің негізгі тақырыптарына айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талдықорған қаласындағы Достық үйінде өткен жиында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Қайрат Кереев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Жетісу облысының жұртшылығымен кездесіп, жоспарланған шараларды түсіндірді, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Жиынға өңірдегі этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де қатысты.
Жиында Жолдауда айқындалған міндеттерді іс жүзіне асыруға, соның ішінде инфрақұрылымды дамыту, отандық өндірісті қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Екатерина Смолякова Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы тек жаңа ғимараттар салумен шектелмейтінін, инфрақұрылымды жаңғыртуды және халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды салуды қамтитынын атап өтті.
– Өңірлерге жасаған сапарлар барысында біз бұл қажеттіліктерге өзіміз куә болып, тұрғындардан тікелей естіп жүрміз. Кей жерлерде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту және түзету орталықтары қажет болса, енді бір елді мекендерде балалар спортпен шұғылданатын жер жоқ. Сондықтан әрбір жаңа нысан нақты мақсатпен салынуы керек. Яғни, тиісті көмек қолжетімді болып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалуы, барлығы халықтың күнделікті өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет, – деді депутат.
Депутат сондай-ақ Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, парапланеризм алаңына апаратын жолға қатысты өтініштерден кейін айналма жол салу туралы шешім қабылданған. Қаржы министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Алакөл маңындағы Жетісу мен Абай облыстарын байланыстыратын жолдың проблемалық бөлігінде тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Кездесудің маңызды бөлігі өңір экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығын дамытуға арналды. Жеңілдетілген қаржыландыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және техниканы жаңарту мәселелері талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова былтырғы жылы өсімдік шаруашылығын жеңілдетілген жолмен қаржыландыруға 1 триллион теңге бағытталғанын айтты. Бұл қаражат шаруаларға тұқым себу және жиын-терім жұмысын уақытылы атқаруға, тиісті материалдардар алуға және техниканы жаңартуға жол ашып отыр.
– Ендігі міндет – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді инвестициялық мақсаттарға арналған ұзақ мерзімді қаржыландыру ұсыну. Бұл ретте нақты өңірлер үшін ерекше маңызы бар нысандарға басымдық беріледі, – деді Назгүл Хатепова.
Вице-министр Жетісудағы қант қызылшасын өңдеу мәселесіне де тоқталды. Биыл өңірде 13,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Өнімді жаңғыртудан өткен Көксу және Ақсу қант зауыттары қабылдауда. Ал Ақсу зауытының табиғи газға қосылуы өндірістік шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге ықпал етеді.
Назгүл Хатепова сүтті мал шаруашылығын қолдау шараларына да тоқталды. Жеңілдетілген қаржыландыру аясында жүзден астам тауарлы-сүт фермасын құру жоспарланса, соның 71-і пайдалануға берілген. Сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру, субсидия алу рәсімдерін жеңілдету және қағазбастылықты азайту мәселелері қозғалды.
Жиында Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы жергілікті кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктер туғызатыны айтылды. Жаңа нысандардың құрылысы құрылыс материалдарына, жабдықтар мен көлік қызметтеріне деген сұранысты арттырып, қосымша жұмыс орындарын құруға және бюджет түсімдерін ұлғайтуға ықпал етеді. Жобалардың жүзеге асыруға қоғамдық бақылау жүргізудің маңыздылығы атап өтілді.
Осылайша, Достық үйінде өткен кездесуде Президент Жолдауында айқындалған міндеттер өңірдің нақты қажеттіліктерімен сабақтастырыла отырып талқыланды. Бұл ретте, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы нақты нәтижелер халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды көрсеткіштері болмақ.
Осы күні Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай мен Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Талдықорған қаласындағы «Қайнар АКБ» ЖШС ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында Құрылтай депутаты Наурыз Сайлаубай өндіріс орындарының жұмыс орындарын құрудағы, халықты тұрақты табыспен қамтамасыз етудегі және бюджет түсімдерін арттырудағы рөліне тоқталды. Ол «Қайнар-АКБ» өнімдерінің шетел нарығына шығуы отандық өндірістің әлеуетін көрсететінін атап өтті.
– «Қайнар-АКБ» – өңіріміздің мақтанышы. Өзіміздің туған жерімізде шығарылған өнімнің шетелде сұранысқа ие болып отырғаны қуантады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына, азаматтардың табысы мен салық түсімінің ұлғаюына ықпал етуде. Сондықтан осындай кәсіпорындардың дамуының ел экономикасы үшін маңызы зор, – деді ол.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Руфина Усанова зауыт жұмысшыларына қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты.
– Мұндағы 1200 еңбеккердің 45 пайызы әйелдер. Осындай ауыр жұмысты атқарып жүрген нәзік жандыларға ерекше ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға еселі еңбектеріңіз үшін рақмет, – деді ол.
Талқылау барысында қатысушылар Жолдаудағы басым міндеттерді жүзеге асыру жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру, Талдықорғандағы қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері қозғалды. Сол сияқты әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттері, жол, су, газ және электрмен жабдықтау мәселелерін шешудің маңызы қамтылды. Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесі де көтерілді. Ұжым өкілі жұмысшылардың табысы кейбір тұрғын үй бағдарламаларының талаптарына сәйкес келмейтінін айтып, оларға баспана алудың қандай мүмкіндіктері барын сұрады.
Наурыз Сайлаубай кәсіпорынға «Отбасы банкпен» бірлесіп, қызметкерлердің табысы мен еңбек өтілін ескеретін арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ол Хромтаудағы тау-кен кәсіпорнының банкпен бірлесіп, жұмысшыларына баспана алуға қолдау көрсеткен тәжірибесін мысалға келтірді.
Кездесуде Наурыз Сайлаубай мен Руфина Усанова қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.