Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және Үкімет өкілдері Qarmet металлургиялық комбинатының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауының мән-маңызы, ондағы елдің болашақ даму бағыттарын көздейтін міндеттер талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алқалы жиынға Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, Құрылтай депутаты Вадим Басин, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Гаухар Акижанова мен Александр Куприенко, Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, сондай-ақ Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан Байбосынов қатысты.
Кездесу қонақтары алдымен комбинаттың өндіріс нысандарын аралап, еліміздегі ең ірі өнеркәсіп орындарының бірінің жұмыс барысымен, оның өндіріс қуатымен танысты. Металлургия саласының алдағы даму мәселелерін талқылады.
Қатысушылар Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетиканы дамыту, инфрақұрылым нысандарын салу және индустриялық кәсіпорындарды тұрақты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қазақстанның барлық өңірлерін қамтуға тиіс «Халықтық құрылыс» бастамасы негізгі тақырыптардың бірі болды. Мемлекет басшысы оны жүзеге асыру шеңберіндегі ауқымды жұмыс азаматтардың жайлы өмір сүруіне қажетті нысандарды салуға және жаңартуға бағытталатынын атап өткен болатын.
Металлургия кәсіпорны үшін Жолдауда көтерілген мәселелер ерекше өзекті. Бұл салада көп жылдық тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Вадим Басин өз сөзінде Мемлекет басшысы ұсынған реформалар кәсіпорындарды дамыту, өндірістік қуаттарды жаңарту және тұрақты экономикалық өсу үшін жағдай жасау арқылы іске асырылатынын айтты.
– Өнеркәсіп саласындағы қайта құруларды дәйекті жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу және білікті кадрлар даярлау арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Кәсіпорындардың жаңа экономикалық жағдайларға қаншалықты жылдам бейімделуі олардың бәсекеге қабілеттілігі мен отандық өндірістің болашағын айқындайды, - деді Вадим Басин.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тиімді мониторинг жасап отыру үшін депутаттық корпус пен экономиканың нақты секторының өкілдері арасындағы тікелей байланыс арнасын сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Айтылған ұсыныстар Құрылтайдың сараптамалық және заң шығару қызметі шеңберінде одан әрі жұмыс істеу үшін жүйеленетін болады.
Металлургиялық комбинаттағы ауқымды іс-шара мемлекеттік басымдықтарды кәсіпорынның еңбек ұжымының өкілдерімен тікелей талқылауға жол ашты. Мұндай диалог форматы Жолдаудың негізгі ережелерін қызметкерлерге жеткізіп қана қоймай, оларды елдің өнеркәсіп саласы мен экономикасының алдында тұрған нақты міндеттер арқылы қарастыруға мүмкіндік береді.