Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Бүгін, 20:39 / Жамбыл Жайлау
Сали Сабиров / ҚР ҰОК

Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы Қытайда өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Отандасымыз 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік үштікке енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем біріншілігінде Нұрғиса Әділетұлы жұлқа көтеруде 182 келіні, ал серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Осылайша, қоссайыс қорытындысында 399 келі нәтижемен екінші орынға тұрақтады.

95 келіге дейінгі салмақта алтын медальді Болгария өкілі Карлос Насар иеленді. Ол жұлқа көтеруде 185 келіні, серпе көтеруде 230 келіні еңсеріп, жалпы 415 келі нәтижемен әлем рекордын орнатты. Қазақстандық Нұрғиса Әділетұлы чемпионнан 16 келі қалып қойды.

Ал қола жүлде ирандық Али Алипурға бұйырды. Ол екі жаттығудың қорытындысында 396 келіні көтеріп, қазақстандық спортшыдан үш келіге қалып қойды.

Нұрғиса Әділетұлының нәтижесі Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы жүлде қоржынын толықтырды.

Айта кетейік, Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты 27 қазанда басталып, 8 қарашаға дейін жалғасады.

Тэгтер:

Нұрғиса Әділетұлы