Boeing ұшағы әуеде күтпеген жағдайға тап болып, Бангкокқа жете алмады

Бүгін, 20:10 / Жамбыл Жайлау
pixabay.com

Қытайдың Шанхай қаласынан Таиланд астанасы Бангкокқа бет алған Thai Airways әуе компаниясының жолаушылар ұшағы техникалық ақауға байланысты кері қайтуға мәжбүр болды. Ұшқыштар кабинасының алдыңғы әйнегінен сызат байқалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 4 қарашада болған. TG663 рейсін орындаған Boeing 787-9 Dreamliner ұшағы Шанхайдағы Пудун халықаралық әуежайынан көтерілген.

Алайда ұшып шыққаннан кейін көп ұзамай экипаж кабинадағы алдыңғы әйнектің сол жақ бөлігінде сызат пайда болғанын анықтаған. Жолаушылардың қауіпсіздігін ескерген ұшқыштар сапарды жалғастырмай, Шанхайға қайта оралу туралы шешім қабылдаған.

Bangkok Post мәліметінше, әуежайға оралған лайнер бірден қонбаған. Алдымен ұшақ әуежай маңында бірнеше рет айналып ұшқан. Кейін қону салмағын азайту мақсатында жанармайдың бір бөлігін төккен. Осыдан кейін Boeing 787-9 Dreamliner Пудун әуежайына сәтті қонды.

Оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Thai Airways International өкілдері ұшақтың кері қайтуы қауіпсіздік талаптарына байланысты қабылданған шешім екенін хабарлады. Әуе компаниясы жолаушылар мен экипаж мүшелерін қонақүйлерге орналастырған. Сонымен қатар тасымалдаушы серіктес әуе компанияларымен келіссөз жүргізіп, жолаушыларды басқа рейстерге ауыстыру шараларын ұйымдастырған.

Тэгтер:

Ұшақ