Романын ЖИ-мен жазған жазушы Францияның ең беделді әдеби сыйлығын жеңіп алды

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат

Францияның ең беделді әдеби марапаты Гонкур сыйлығы биыл шығармасын жазу кезінде жасанды интеллектіні пайдаланған жазушыға берілді. 62 жастағы француз қаламгері Филипп Жаэнада L’Inconnue du quai de Javel («Жавель жағалауындағы бейтаныс әйел») романы үшін жеңімпаз атанды. Бұл туралы The Telegraph басылымы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

3 қарашада Парижде өткен марапаттау рәсімінде Гонкур академиясының тоғыз мүшесінің алтауы Жаэнадаға дауыс берген. Жазушының 530 беттен тұратын романы 1949 жылы Парижде жұмбақ жағдайда өлтірілген 29 жастағы Луиза Кансоның тағдырын баяндайды. Автор полиция мұрағаттарын зерттеп, қылмыс болған жерлерді аралап, ондаған жыл бойы ашылмаған істің мән-жайын анықтауға тырысқан.

Бір қызығы, өзін ескі мектептің жазушысы санайтын Жаэнада тіпті ұялы телефон да ұстамайды. Соған қарамастан, ол романын жазу кезінде ChatGPT және Claude сияқты жасанды интеллект құралдарына жүгінгенін жасырмайды.

4 қарашада France Inter радиосына берген сұхбатында жазушы жасанды интеллектіні үш рет пайдаланғанын нақтылады. Оның ішінде ChatGPT құрастырған бір сөйлемді оқырманмен өзінше ойын ретінде романға енгізген. Сондай-ақ технологияны зерттеу жұмыстарына және техникалық ақпаратты тексеруге қолданған.

«Біз жасанды интеллект жоқ сияқты өмір сүре алмаймыз. Оны пайдалануды, түсінуді үйренуіміз керек. Ең бастысы – оның бізді алмастыруына жол бермеу», – дейді жазушы.

Алайда ол жасанды интеллект адамның шығармашылық қабілетін толық алмастыра алмайтынына сенімді. Оның пікірінше, технология қаншалықты дамыса да, адамның жан дүниесін, естеліктерін және өмірге деген жеке көзқарасын дәл сол күйінде жеткізе алмайды.

Тэгтер:

әдебиет ЖИ