Музейге, театрға немесе киноға айына кемінде бір рет баратын адамдардың депрессияға шалдығу ықтималдығы 48%-ға төмен болуы мүмкін. Ал өнер туындыларын түпнұсқадан тамашалау ағзадағы күйзеліс гормондарының деңгейіне және иммундық жүйенің жұмысына әсер ететіні анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұлыбритания ғалымдары жүргізген екі бөлек зерттеу мәдени орындарға барудың адамның психикалық және физикалық саулығымен байланысын көрсеткен.
Лондон университеттік колледжінің ғалымдары 52-89 жас аралығындағы 2 148 адамның мәліметін талдап, олардың мәдени орындарға бару жиілігі мен психикалық денсаулығын он жыл бойы бақылаған.
Нәтижесінде музейге, театрға немесе киноға бірнеше айда бір рет баратын адамдардың депрессияға шалдығу ықтималдығы 32%-ға, ал айына кемінде бір рет баратындарда 48%-ға төмен болған. Зерттеу нәтижелері The British Journal of Psychiatry ғылыми журналында 2018 жылы жарияланған.
Ал 2026 жылы Brain, Behavior, and Immunity журналында жарық көрген жаңа зерттеу өнер туындыларын тамашалаудың ағзадағы физиологиялық өзгерістермен байланысын анықтады.
Лондондағы Корольдік колледждің ғалымдары 18-40 жас аралығындағы 50 адамға тәжірибе жүргізген. Қатысушылар екі топқа бөлінген. Бірінші топ көркемсурет галереясында түпнұсқа картиналарды тамашаласа, екінші топ зертханалық жағдайда сол туындылардың жоғары сапалы көшірмелерін қараған.
Тәжірибе небәрі 20 минутқа созылған. Алайда осы уақыт ішінде ғалымдар қатысушылардың ағзасында бірқатар өзгерісті байқаған.
Түпнұсқа картиналарды тамашалаған адамдардың сілекейіндегі күйзеліс гормоны – кортизол деңгейі шамамен 22%-ға төмендеген. Сонымен қатар қабыну үдерістерімен байланысты интерлейкин-6 (IL-6) көрсеткіші 30%-ға азайған.
Ал картиналардың көшірмелерін зертханада көрген қатысушыларда мұндай айқын өзгерістер тіркелмеген.
Ғалымдар өнер туындыларын тамашалау кезінде жүрек соғысы ырғағының өзгергіштігін және тері температурасының ауытқуын да бақылаған. Нәтижелер галереядағы адамдардың жүйке жүйесі күйзелісті реттеуге қатысатын физиологиялық үдерістерге белсендірек жауап бергенін көрсеткен.
Зерттеушілердің пікірінше, өнерді түпнұсқадан көру адамның эмоционалдық күйіне ғана емес, ағзадағы гормондық және қабынуды реттеу жүйелеріне де ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен тәжірибе түпнұсқа картиналардың көшірмелерден міндетті түрде пайдалы екенін толық дәлелдемейді. Өйткені екі топ өнер туындыларын әртүрлі ортада тамашалаған. Сондықтан байқалған өзгерістерге галерея атмосферасы да әсер етуі ықтимал.
Сол сияқты мәдени орындарға бару депрессияның алдын алатыны да түпкілікті дәлелденген жоқ. Алғашқы зерттеу мәдени белсенділік пен депрессия ықтималдығы арасындағы байланысты анықтағанымен, тікелей себеп-салдарлық әсерді көрсетпейді.
Соған қарамастан ғалымдар өнер мен мәдениетке уақыт бөлудің психикалық саулықты қолдауда маңызды рөл атқаруы мүмкін екенін айтады. Музейге бару, спектакль көру немесе көркемсурет галереясын аралау адамның күнделікті күйзелістен арылып, көңіл күйін жақсартуына көмектесуі ықтимал.