Ақтөбеде бір үйдің шатырынан 25 келі есірткі табылды: Үш күдікті ұсталды

Бүгін, 16:08 / Алуа Арман
polisia.kz

Полиция қызметкерлері "Қарасора – 2026" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректі анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыс орталығының үш тұрғыны ұсталды. Тұрғын үйлердің бірінде жүргізілген тінту барысында қызметтік иттің көмегімен үйдің шатырынан көлемі 50 және 25 литр болатын екі бөшке табылды. Олардың ішінен өсімдік тектес зат тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы 25 келіден асады. Сонымен қатар екінші күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде полиция қызметкерлері есірткі заты болуы мүмкін пакет пен есірткі тұтынуға арналған құралдарды анықтап, тәркіледі.

Алдын ала мәліметтер бойынша ұсталған үш азаматтың барлығы да ұстау кезінде есірткілік масаң күйде болған. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ есірткі заттарының жеткізілуі мен таралуының ықтимал арналары анықталуда.

Тэгтер:

күдікті Ақтөбе Есірткі марихуана Шатыр