Жамбыл облысының Шу ауданының прокуратурасы қадағалау барысында аудан тұрғыны өз баласын асырап-бағу бойынша міндеттемелерді орындаудан ұзақ уақыт бойы жалтару фактісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған азамат 2024 жылдан бастап алимент берешегі бойынша 1,7 млн теңге мөлшерінде қарыз соммасын төлеуден жалтарып жүргендігі белгілі болды.
Бұл ретте борышкердің өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі болғанымен, қарызды өтеу үшін қажетті шаралар қабылдамаған.
Аудан прокуратурасының бастамасымен 2026 жылғы тамызда борышкерге қатысты алимент төлеу бойынша міндеттерді орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу барысында азамат өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп және берешекті толық өтеп, бұдан былай алиментті өз уақытында төлеп тұруға міндеттенді.
Берешектің толық өтелуіне, тараптардың татуласуына және жәбірленуші тараптың шағымының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру заңда белгіленген тәртіппен тоқтатылды.
Жамбыл облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау және алименттік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда.