Жезқазғанда 100 адамға арналған онкология орталығының құрылысы басталды

Бүгін, 14:28 / Інжу Әлихан

Ұлытау облысында 100 төсек-орынға арналған онкология орталығының құрылысы басталды. Жаңа орталық облыстық көпбейінді аурухананың қосымша корпусында орналасады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министр Ұлытау облысының әкімімен бірге облыстық көпбейінді аурухананың жаңа корпусының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысты.

Ақмарал Әлназарованың айтуынша, жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып, өңірдегі мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

«Жаңа корпус облыстық денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге жол ашады. Мұнда онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге, қажетті диагностикалау және емдеу шараларын тікелей өңірде жүргізуге барлық жағдай жасалады.

Жобаның маңызды ерекшелігі – аурухананың қолданыстағы инфрақұрылымын тиімді пайдалана отырып, жаңа корпустың салынуы. Сонымен қатар ауысымына 250 адам қабылдауға арналған консультатациялық-диагностикалық орталықты көшіру де көзделген.

Жоба «дайын күйінде тапсыру» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

«Онкологиялық қызметті дамыту – ең алдымен ауруларды уақтылы анықтау мен заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру. Бұл облыс тұрғындарына қажетті мамандандырылған медициналық көмекті басқа өңірлерге бармай-ақ, тұрғылықты жеріне жақын жерде алуға мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Әлназарова.