Айдос Сарым: Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы

Бүгін, 13:11 / Інжу Әлихан

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша үндеу жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол құжатта қамтылған маңызды бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын атап өтті.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын азаматтарымыз ерекше ықыласпен қабылдады.

Президент Жолдауында қамтылған маңызды игі бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын көріп отырмыз. Шын мәнінде, Мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдауы ел тарихының жаңа, сапалы кезеңіне жол ашады және туған Отанымыздың алдағы он жылдықтардағы даму бағытын айқындайды.

Оның алғышарттары белгілі. Қазақстан әлемдегі ахуалдың күрделілігіне, болжамсыздығына қарамастан, өткен жеті жылдың ішінде түбегейлі реформаларды батыл жүзеге асырды.

Осы уақыт аралығында мемлекеттік басқарудың архитектурасы ғана емес, тұтас саяси жүйе, қоғамдық этика мен сана өзгерді. Азаматтарымыз мемлекет ісіне белсенді түрде араласып, мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал ете бастады. Жаңа қоғамдық келісім әлеуметтік-экономикалық өсімнің мызғымас іргетасы болып отыр.

Президент Тоқаевтың стратегиялық көрегендігі Қазақстанды халықаралық аренада беделді орта держава және жаһандық диалогтың мойындалған орталығы деңгейіне көтерді.

Табанды, ымырасыз өзгерістер логикасы Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды құрудың негізіне айналды. Осының бәрі ең алдымен халқымыздың қалтқысыз таңдауының, береке-бірлігі мен ұлттық рухының беріктігінің арқасы деп білеміз», – деді Айдос Сарым.

Депутаттың сөзінше, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы. Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр.

«Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Осы бастаманың аясында бүкіл еліміз бойынша инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар бой көтереді. Бұл – коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жобасы.

Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыда жедел дамуына қажетті тетіктер әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды.  Алдымызда энергетикалық дербестік пен транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандырып, елімізді Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру сияқты кешенді мақсаттар бар.   

Президент цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту бағытында нақты шаралар бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Технологиялық жаңғыру еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын өсіруге тікелей әсер етеді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында әлеуметтік саясаттың ең өзекті мәселелерін де толықтай қамтыды.

Кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту, салық және қаржы жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Инфляцияны тежеу, әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау мен инклюзивті білім беруді дамыту бастамалары азаматтардың көңілінен шығып отыр. 

 Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайды және оны заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмылдырады», – деді ол.

Айдос Сарым сөз соңында еліміз өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосып, атсалысуға шақырды.

«Қадірлі қазақстандықтар! Президенттің Жолдауы халқымыздың талап-тілегімен толық үйлесім тауып отыр. Ендігі міндетіміз – осы іс-шараларды ел болып еңсеру. Ұлы мақсаттар қай кезде де ұлы бірлікті талап етеді. Мемлекет басшысы айтқандай, «Дәл осындай жауапты кезеңдерде ұлттың мінезі айқын көрінеді. Енжарлық пен бейқамдық танытқан ел тарихта жеңімпаз ұлт болмайтыны анық». Жеңімпаз ұлттың, жасампаз ұлттың күші – береке-бірлікте! Сондықтан, осындай тарихи сәтте біз әр азаматты, тұтас қоғамды болашақ үшін, мемлекетіміздің өркендеуі үшін бірігуге, игі істерге тізе қосып, атсалысуға шақырамыз!», – деді депутат.