Платформаға тәуелді табыс: Қосымша тоқтаса, кім жауап береді?

Бүгін, 12:40 / Дана Ізтілеуова
ЖИ арқылы жасалған сурет

Елімізде платформалық жұмыспен қамту ауқымы кеңейген сайын, цифрлық сервистер арқылы табыс табатын азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуына қатысты мәселелер де ерекше назар аударуды қажет етеді. Бүгінде жүздеген мың қазақстандықтың күнделікті табысы жеке платформалардың жұмысына тікелей байланысты. Алайда бір ай бұрын Яндекс Go сервисінде болған ақаулар мұндай жұмыспен қамту моделінің осал тұстарын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осыған байланысты Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлзира Атабаева депутаттық сауал жолдап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен платформалық жұмыспен қамту тәуекелдеріне кешенді баға беруді және техникалық ақаулар кезінде азаматтардың табысы мен құқықтарын қорғау тетіктерін әзірлеуді сұрады.

«Платформалық жұмыспен қамтылған азаматтардың құқықтарын қорғау «Әділет» партиясының алдағы жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында да тікелей бекітілген. Партия жұмыспен қамтудың икемді нысанын сақтай отырып, платформа қызметкерлерінің базалық әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырудың және платформа мен орындаушы арасындағы жауапкершілікті бөлудің ашық тәртібін белгілеу міндеттемесін алды», – дейді Г.Атабаева.

Депутат бір ай бұрын Яндекс Go сервисіндегі техникалық ақау салдарынан такси жүргізушілері мен курьерлер тапсырыс қабылдай алмай, уақытша табыссыз қалғанын, сондай-ақ тапқан қаражатын шығарып алуда қиындықтарға тап болғанын атап өтті.

«Бұл жағдай бір ғана жеке цифрлық платформаның техникалық ақауы жүздеген мың азаматтың жұмыспен қамтылуы мен табысына тікелей әсер етіп, олардың бір мезетте жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылуын көрсетті», – дейді Құрылтай депутаты.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі бір апта бұрын өткен Үкімет отырысында елімізде 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам адамның табыс табуына мүмкіндік беріп отырғанын мәлімдеді. Енді бұл мүмкіндіктерді ауыл тұрғындарына да қолжетімді ету жоспарланған.

Urban Forum Kazakhstan зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда платформалық жұмыспен қамтудың негізгі бағыттары – такси және курьерлік қызмет көрсету салалары. Бұл бағыттарда Wolt, Glovo, Яндекс Go, Chocofood/Рядом сияқты онлайн-платформалар кеңінен қолданылады. Зерттеу нәтижесінде азаматтардың мұндай платформаларды таңдауына ең алдымен жұмыс уақытының икемділігі, еңбекақының жедел төленуі және тікелей басшылыққа бағынбай, өз бетінше жұмыс істеу мүмкіндігі әсер ететіні атап өтілген.

Жуырда Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин журналистерге өзін-өзі жұмыспен қамтыған қазақстандықтар туралы мәлімет бергенде арнаулы салық режимін 981,2 мың адам қолданғанын мәлімдеген-тін. Олардың 866,9 мыңы интернет-платформалар арқылы қызмет көрсетсе, 114,2 мыңы өз бетінше жұмыс істейді. Министр ұсынған деректерге сүйенсек, бұл режимді пайдаланатындардың басым бөлігі такси және курьерлік қызметке тиесілі. Елімізде 519,7 мың адам жолаушы тасымалдаумен, тағы 292,5 мың адам курьерлік қызметпен айналысады.

Осылайша, тек такси мен курьерлік қызметтің өзінде 812 мыңнан астам адам еңбек етіп отыр. Алайда осыншама азаматтың табысы тәуелді цифрлық платформаларда техникалық ақау туындаған жағдайда олардың мүддесін қорғайтын нақты тетіктер қаншалықты жолға қойылған?

Цифрлық сервистер сыртқы ақауларға тәуелді болмауға тиіс

ZIZ INC. компаниясының негізін қалаушы және бас директоры, ІТ маманы Абылай Адайұлы платформалардың негізгі технологиялық қызметтері ел ішінде автономды жұмыс істей алуы керек екенін алға тартады.

«Yandex Go сервисіндегі ақау маңызды мәселені көрсетті. Бүгінде цифрлық платформалар жай ғана мобильді қосымша емес, мыңдаған адамның күнделікті табысы мен жұмысына тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымға айналды. Менің ойымша, мұндай жағдайда ең алдымен цифрлық платформалардың технологиялық тәуелсіздігіне назар аудару қажет. Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтардың дербес деректерін Қазақстан аумағында орналасқан базада сақтау талап етіледі. Алайда деректердің ел ішінде сақталуы платформаның толыққанды және үздіксіз жұмыс істейтініне кепілдік бермейді. Yandex Go жағдайында да осы мәселе байқалды. Қазақстандық пайдаланушылардың деректері еліміздегі серверлерде сақталғанымен, платформаның жұмыс істеуіне қажетті кейбір технологиялық компоненттер шетелдік инфрақұрылымға тәуелді болған. Соның салдарынан шетелдегі техникалық ақаулар Қазақстандағы қызметтердің қолжетімділігіне әсер етті.

Менің ұстанымым – Қазақстанда көптеген азаматқа қызмет көрсететін, әсіресе адамдардың табысына тікелей әсер ететін платформалардың негізгі технологиялық қызметтері ел ішінде автономды жұмыс істей алуы керек. Бұл барлық халықаралық технологиядан бас тарту деген сөз емес. Бірақ шетелдік серверлер немесе сыртқы сервистер уақытша істен шықса да, Қазақстандағы пайдаланушылар тапсырыс беріп, жүргізушілер мен курьерлер жұмысын жалғастыра алатындай жергілікті инфрақұрылым мен резервтік механизмдер қарастырылуы тиіс.

Цифрлық егемендік тек деректердің қайда сақталатынымен емес, ел ішіндегі маңызды цифрлық қызметтердің сыртқы факторларға қарамастан жұмыс істей алуымен де өлшенуі тиіс», – дейді маман.

Цифрлық платформаның істен шығуы жүргізушілер мен курьерлерді жаңа тапсырыстан ғана емес, бұрын орындаған жұмысы үшін тиесілі ақшасын алудан да айырмауы тиіс. IT маманы Абылай Адайұлы платформаның тапсырыстарды басқару жүйесі мен төлем тетіктерін бір-бірінен тәуелсіз ұйымдастыру қажет деп есептейді.

«Бұл мәселеде мен ең алдымен платформадағы тапсырыстарды басқару жүйесі мен орындаушылардың табысын алу тетігін бір-бірінен барынша тәуелсіз ету қажет деп есептеймін.

Бүгінде көптеген жүргізуші мен курьер табысын күнделікті алады. Сондықтан платформаның уақытша істен шығуы олардың тек жаңа тапсырыс алуына емес, бұрын орындаған жұмысы үшін төлем алуына да кедергі келтірмеуге тиіс», – дейді маман.

Осыған байланысты ол келесідегідей механизмді қарастыруға болатынын айтады.

«Біріншісі, тікелей төлем моделі. Клиенттің төлемі платформадағы аралық баланста жинақталмай, тиісті есеп айырысу ережелеріне сәйкес тікелей жүргізушіге немесе курьерге түсе алады. Платформаның комиссиясы бөлек есептелуі мүмкін.

Екіншісі, табысты лезде шығару мүмкіндігі. Орындаушы өзіне тиесілі қаражатты кез келген уақытта банк шотына немесе картасына аудара алуы керек. Бұл механизм платформаның негізгі сервистерінен мүмкіндігінше тәуелсіз жұмыс істейтін төлем инфрақұрылымы арқылы ұйымдастырылуы тиіс.

Әрине, мұндай шешімдер төлем жүйелеріне қойылатын талаптарды, салықтық міндеттемелерді және платформаның бизнес-моделін ескере отырып жүзеге асырылуы қажет. Бұл тәсілдер жаңа тапсырыстардың тоқтап қалу қаупін толық жоймайды. Бірақ жүргізушілер мен курьерлердің бұрын тапқан қаражатына қол жеткізу тәуекелін азайтады.

Цифрлық платформаның сенімділігі оның үздіксіз жұмыс істеуімен ғана емес, техникалық ақау кезінде пайдаланушылардың қаржылық мүдделерін қаншалықты қорғай алатынымен де бағалануы керек», – дейді маман.

Сингапур тәжірибесіне сүйену керек

Қазақстан заңнамасында шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілік пен алынбаған табысты өтеу нормалары қарастырылған. Алайда цифрлық платформалардағы техникалық ақаулар кезінде бұл құқықтарды іс жүзінде жүзеге асыру қиын. «SOLIS Partners» заң фирмасының басқарушы серіктесі, белгілі заңгер Шыңғыс Оралбаев платформалық жұмыспен қамту саласындағы құқықтық олқылықтарға назар аударды.

«Орындаушы платформамен жария шарт негізінде жұмыс істейді (Әлеуметтік кодекстің 102-бабы). Азаматтық кодекстің (АК) 359-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпкер шартты бұзғаны үшін кінәсіне қарамастан жауап береді, ал платформа серверінің істен шығуы еңсерілмейтін күш болып саналмайды. АК 9-бабының 4-тармағына сәйкес алынбаған табыс та өтелуге жатады. Алайда іс жүзінде бұл құқық қағаз жүзінде ғана бар. Платформалардың офертасы ақау үшін жауапкершілікті алып тастайды, ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген орындаушы АК 389-бабының 3-тармағына байланысты мұндай талапты даулай алмайды. Сонымен қатар бірнеше сағаттық табыс үшін сотқа жүгіну тиімсіз.

Менің ойымша, қолданыстағы нормалар жеткіліксіз. Әлеуметтік кодекс платформалық жұмыспен қамтуды негізінен салық және әлеуметтік төлемдер (4%) тұрғысынан реттейді, ал платформаның техникалық тұрақтылығы мен тоқтап қалу үшін өтемақы мәселесі реттелмеген», – дейді заңгер.

Шыңғыс Оралбаев Қазақстанда платформалық жұмыспен қамтуды реттеуде Сингапур тәжірибесіне сүйенуді ұсынып, цифрлық сервистердің техникалық ақауы үшін жауапкершілігін күшейту, орындаушыларға өтемақы төлеу және міндетті сақтандыру тетіктерін енгізу қажеттігін атап өтті.

«Еуропалық Одақ (2024/2831 Директивасы) мен Испания еңбек қатынастарының презумпциясын енгізді. Ұлыбританияда Uber v Aslam (2021) ісінен кейін жүргізушілер аралық мәртебе алды. Сингапурда 2025 жылдан бастап платформа жұмыскері жалдамалы жұмыскер болып саналмайды, бірақ платформа оның зейнетақы жарнасын төлеп, жазатайым оқиғадан сақтандырады.

Барлық платформаға еңбек презумпциясын енгізу 4% режимін жояды, орындаушының табысын азайтып, қызмет бағасын өсіруі мүмкін. Сондықтан Қазақстанға Сингапур моделі жақынырақ. Әлеуметтік кодекске мынадай өзгерістер енгізуді ұсынамын: платформаның ақау үшін жауапкершілігін шарт арқылы алып тастауға тыйым салу (АК 389-бабының 1-1-тармағы бұған мүмкіндік береді); ұзақ ақау үшін орташа табыс негізінде сотсыз өтемақы төлеу; ірі платформаларға техникалық тұрақтылық талаптарын белгілеу; бұғаттау себебін түсіндіру және шешімді адамның қайта қарауына құқық беру; 4% режимін сақтай отырып, жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру енгізу.

Қорытындылай келе, платформаны жұмыс беруші деп тану міндетті емес. Ол нақты бақылайтын нәрсе үшін жауап беруге тиіс: сервистің жұмысы, алгоритмдер және тапсырысты орындау кезіндегі орындаушының қауіпсіздігі», – дейді маман.

Бүгінгі Құрылтай отырысында депутат Гүлзира Атабаева платформалық жұмыспен қамту саласындағы тәуекелдерді азайтып, техникалық ақаулар кезінде жүргізушілер мен курьерлердің табысы мен құқықтарын қорғау үшін Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады:

  1. Платформалық жұмыспен қамтудың еңбек нарығына әсері мен тәуекелдерін бағалау.
  2. Цифрлық платформалар жаппай істен шыққан жағдайда азаматтарды хабардар ету, қызметті қалпына келтіру және зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін әзірлеу.
  3. Ұзаққа созылған ақаулар кезінде жүргізушілер мен курьерлердің табысы мен құқықтарын қорғау тетіктерін енгізу.